ТРАМП ЖАҢА ИМПОРТТЫҚ БАЖ САЛЫҒЫН ЕНГІЗДІ: ТІЗІМДЕ ҚАЗАҚСТАН ДА БАР
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі 80-нен астам елге қатысты жаңа импорттық баж салығын енгізетінін жариялады. Жаңа тарифтер қатарында Қазақстан да бар.

Ақпаратқа сәйкес, жаңа баж салығы 24 шілдеде бұрын қолданылған 10 пайыздық тарифтің мерзімі аяқталғаннан кейін бірден күшіне енеді.
АҚШ-тың Сауда өкілі Джеймисон Грирдің мәлімдеуінше, жаңа импорттық баж мөлшерлемесі 10 пайыздан 12,5 пайызға дейін өседі. Жаңартылған тізімге Қазақстанмен қатар Ұлыбритания, Мексика, Канада, Австралия, Үндістан, Қытай және Еуропалық одаққа мүше 27 мемлекет енгізілген.
Ақ үй жаңа тарифтерді енгізудің құқықтық негізі ретінде 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөлімін қолданған. Бұл норма мәжбүрлі еңбек пайдаланатын елдерге қатысты сауда шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Петерсон халықаралық экономика институтының заңгерлері жаңа баж салығына қатысты құқықтық тәуекелдер бар екенін айтады. Олардың пікірінше, егер АҚШ-тың сауда серіктестері сотқа жүгінсе, енгізілген тарифтердің күші жойылуы мүмкін.
Жаңа шешім әлемдік сауда қатынастарына әсер етуі мүмкін болғандықтан, халықаралық сарапшылар оның экономикалық салдарын жіті бақылап отыр.



