Без рубрики
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БАЛАҒА ҚАН ҚҰЙҒАННАН КЕЙІН С ГЕПАТИТІ АНЫҚТАЛДЫ
Алматы облысында 6 жастағы балаға қан құйылғаннан кейін С гепатиті анықталды. Қазір бұл жағдай бойынша медициналық тексеру жүргізіліп жатыр.

Ақпаратқа сәйкес, бала Түркиядан оралғаннан кейін денсаулығына шағымданып, мұрнынан қан кеткен. Осыдан кейін ол облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілген.
Дәрігерлер балаға иммундық тромбоцитопения диагнозын қойып, емдеу барысында қан құйған. Кейін жүргізілген ПТР-талдау нәтижесінде баланың С гепатитін жұқтырғаны анықталған.
Баланың ата-анасы вирустың қан құю кезінде жұғуы мүмкін екенін айтып отыр. Баланың әкесі Президент Әкімшілігіне шағым жолдап, істі бақылауға алуды сұраған.
Қазіргі уақытта ауруханада қызметтік тексеру басталды. Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы медициналық құжаттарды, көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен белгіленген стандарттарға сәйкестігін тексеріп жатыр.



