ҚАЗАҚСТАНДА АДАМ САУДАСЫНА ҚАРСЫ 2027–2029 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ІС-ҚИМЫЛ ЖОСПАРЫ ӘЗІРЛЕНУДЕ
Қазақстанда адам саудасының алдын алу және оған қарсы іс-қимылды күшейту мақсатында 2027–2029 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Үшінші басқармасының бастығы Самат Құсетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, құжат мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен дайындалуда және адам саудасына қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстел барысында Самат Құсетов халықаралық ұйымдармен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
«Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен адам саудасының құрбандарын анықтау және оларды көмек көрсету жүйесіне қайта бағыттау бойынша стандартты операциялық рәсімдер әзірленді. Бұл – мемлекеттік органдардың әрекет ету алгоритмі. Сондай-ақ ЕҚЫҰ кеңсесінің қолдауымен адам саудасының белгілері мен осы мәселе жөніндегі ақпараттық материалдар дайындалды», – деді Самат Құсетов.
Министрлік өкілінің сөзінше, қабылданып жатқан шаралар адам саудасының алдын алу, зардап шеккен азаматтарды дер кезінде анықтау және оларға қажетті көмек көрсету тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жаңа іс-қимыл жоспары мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейтіп, адам саудасына қарсы күрес саласындағы алдын алу жұмыстарын жаңа деңгейге шығаруға бағытталмақ.



