ҚАЗАҚСТАН МЕН ИТАЛИЯ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ АРАСЫНДАҒЫ КЕЛІССӨЗДЕР ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСҚА ЖАҢА СЕРПІН БЕРДІ
Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелланы ресми сапармен қабылдады.

Ақордада өткен салтанатты қарсы алу рәсімінде Құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Мемлекеттер басшылары делегация мүшелерін бір-біріне таныстырды.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Мемлекет басшысы екіжақты ықпалдастықтың берік экономикалық байланыстарға, өзара құрмет пен сенімге негізделгенін атап өтті. Қазақстан Президенті Италияға деген ерекше құрметін білдіріп, сауда-экономикалық серіктестік тұрақты дамып келе жатқанын жеткізді.
Серджо Маттарелла өз кезегінде қонақжай қабылдау үшін ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы қатынастардың соңғы жылдары тығыз әрі табысты сипат алғанын атап өтті. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың Римге жасаған ресми сапары ынтымақтастықтың маңызды кезеңіне айналғанын айтты. Сонымен қатар, университеттер арасындағы серіктестік пен мәдени байланыстардың кеңейіп келе жатқанын ерекше атап өтті.
Келіссөздер кеңейтілген құрамда жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Италия арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың берік саяси диалогқа, қарқынды экономикалық серіктестікке және мәдени-гуманитарлық байланыстарға сүйенетінін атап өтті. Италияның соңғы жиырма жылда Қазақстан экономикасына 7,6 миллиард доллардан астам инвестиция құйғаны және елімізде 250-ге жуық италиялық компания табысты жұмыс істеп келе жатқаны айтылды.
Президент тарапынан ынтымақтастықты дамытудың жаңа бағыттары белгіленді. Оның ішінде аса маңызды шикізат материалдарын өндіру, мұнай химиясы, машина жасау, көлік-логистика, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салалары бар. Сондай-ақ БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық, «Орталық Азия плюс» форматындағы диалог алаңы және «Орталық Азия – Италия» саммитінің нәтижелері жоғары бағаланды.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарға ерекше тоқталды. Осы тұрғыда Астананың орталық көшелерінің бірін әйгілі саяхатшы Марко Поло есімімен атау жөніндегі шешім қос мемлекет арасындағы достықтың символы ретінде бағаланды. Өз кезегінде Серджо Маттарелла Қазақстан астанасында Италияның Мәдениет орталығы ашылатынын хабарлап, бұл бастаманың серіктестікті тереңдетуге бағытталған маңызды қадам екенін айтты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Президент Серджо Маттарелланың Қазақстанға жасаған ресми сапары екі елдің қарым-қатынас тарихында жаңа белес болатынын атап өтті.