СОЗАҚТА ПАРА АЛҒАН ПОЛИЦЕЙДІ ҰҚК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚОЛҒА ТҮРДІ
Түркістан облысының Созақ ауданында Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері мен полиция өкілдерінің бірлескен іс-шарасы барысында аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі пара алу үстінде ұсталды. Арнайы операция Шолаққорған ауылында өтті.

Бейнежазбада ҰҚК қызметкерлері полиция қызметкерін жеке тінту жүргізу барысында тексеріп жатқан сәт бейнеленген. Күдікті өз қалтасындағы заттарды көрсетіп тұрған кезде, аяқ астынан қашуға әрекет жасаған. Алайда арнайы қызмет өкілдері жылдам қимылдап, оны оқиға орнында ұстаған. Тінту кезінде күдіктінің қалтасынан ақша табылып, тәркіленді.
Ресми мәліметке сәйкес, операция 2025 жылғы 10 қарашада Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері тарапынан жүзеге асқан. Тергеу амалдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі – «Пара алу» бабы бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында жүргізіліп жатыр.
Күдікті ретінде Созақ аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі, 1987 жылы туған Самат Болатұлы Нұрғалиев танылды. Ол жергілікті тұрғыннан 200 мың теңге көлемінде пара алған деген күдікке ілінген. Тергеу деректері бойынша, ақша азаматты тіркелмеген аңшылық қаруға қатысты қылмыстық жауапкершіліктен босату мақсатында алынған. Ұстау кезінде оның қалтасынан 190 мың теңге көлеміндегі ақша табылып, дәлел ретінде алынған.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында параның нақты қалай берілгені, кімнен және қандай уәде арқылы алынғаны толық анықталмақ.
Түркістан облысы бойынша полиция департаменті мен Созақ аудандық полиция бөлімі ішкі қызметтік тексеріс бастаған. Қызметтік тәртіп пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды сақтау бағытында жеке құрам бойынша толық тексеру жүргізілетіні хабарланды. Сондай-ақ демалыстағы және еңбекке жарамсыздықтағы қызметкерлердің жағдайы да қайта қаралып, барлық бөлімшелерде тәртіпті күшейту тапсырылған.
Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – құқық қорғау органдарындағы адалдық пен қызметтік жауапкершілікті арттыру. Сыбайлас жемқорлықтың кез келген түрі полицияның беделіне нұқсан келтіреді және азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін төмендетеді. Сондықтан мұндай деректер бойынша шешім заң аясында және ашық түрде қабылдануы қажет.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қойылатын басты талап – заң мен әділдікке адал болу. Бұл қағидадан ауытқу – мемлекеттік қызметші мәртебесіне сай келмейтін әрекет. Сол себепті әрбір ұсталған қызметкердің ісі жеке қаралып, кінәсі дәлелденсе, тиісті жаза тағайындалады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі арасындағы мұндай бірлескен іс-қимылдар алдағы уақытта да жалғаспақ. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нақты тетігі әрі ішкі бақылау жүйесін күшейтудің бір жолы.



