АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ӨРТЕНГЕН ПОЛИЦЕЙДІҢ МӘЙІТІ ТАБЫЛДЫ: КҮДІКТІ РЕТІНДЕ ЖҰБАЙЫ МЕН ҰЛЫ ҰСТАЛДЫ
Алматы облысының Кеген ауданында адам шошырлық қылмыс тіркелді. Өртеніп кеткен ер адамның денесі тасжол маңынан табылып, кейін оның полиция қызметкері екені анықталған.

Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасында аға жедел уәкіл қызметін атқарған. Оның мәйіті Көкпек – Көктал – Кеген автожолынан шамамен 400 метр қашықтықтан табылған. Денені мал іздеп жүрген шопан байқап, тиісті орындарға хабар берген.
Оқиға орнынан түсірілген видеолардан мәйіттің толықтай жанып кеткенін көруге болады. Қазір қылмыстың барлық мән-жайын құқық қорғау органдары жан-жақты тексеріп жатыр.
Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жедел-іздестіру шаралары барысында бірнеше күдікті анықталған. Олардың қатарында марқұмның жұбайы мен ұлы да бар. Қазіргі уақытта барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
– Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталды. Оқиға Алматы қаласында болған. Қазір барлық мән-жайды анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаменті.
Құқық қорғау органдары қылмыстың себебі мен нақты қалай жасалғанын анықтап жатыр. Тергеу жалғасуда.



