Без рубрики

САЙРАМ АУДАНЫНДА ЕРКІН КҮРЕСТІ МЕҢГЕРГЕН ЖАСТАР ЖЫЛ САНАП АРТЫП КЕЛЕДІ

Соңғы жылдары Сайрам ауданында спорт саласына ерекше көңіл бөлініп келеді.

Әсіресе ұлттық спорт пен күрес түрлерін дамыту бағытында жүйелі жұмыстардың жасалып жатқаны анық байқалады. Соның нәтижесінде ауданда түрлі деңгейдегі жарыстар жиі ұйымдастырылып, жас спортшыларға  шеберлігін шыңдауға мол мүмкіндік берілген.

Жақында ғана Сайрам ауданы еркін күрестен республикалық турнир өткізді. Оған 2014-2015 жылы туған жасөспірімдер қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Жарысқа қатысушылар тек аудан аумағынан ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен де келіп, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты. Дүбірлі додада әр өңірден келген 350-ге жуық жас спортшы боз кілемде бақ сынасты. Олардың әрқайсысы жеке жеңіс үшін ғана емес, өз өңірінің абыройын асқақтату үшін де бар күш-жігерін салды. Дегенмен жарыстың аты – жарыс. Мұнда мықтылар ғана суырылып алға шығады. Бұл жолы да жүздеген спортшының арасынан үздіктер анықталып, өз шеберліктерін дәлелдей білді.

Командалық сайыстар барысында да спортшылар татулық пен бірліктің үлгісін бола білді. Жығылғанды сүйемелдеді, жеңімпаздарға құрмет көрсетті. Спортшылардың бір- біріне қолдау білдіруі жарыстың мәнін арттырып, көркін аша түсті. Тартысты өткен бәсекенің қорытындысы бойынша бірінші орынды ұйымдастырушы аудан – Сайрам ауданының «Құтарыс» командасы иеленді. Екінші орын Төлеби ауданының спортшыларына бұйырған. Ал үшінші орынды Түлкібас ауданының командасы қанжығасына байлады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы мақтау қағаздары мен төсбелгілер табысталды. Сонымен қатар белбеулермен және ақшалай сыйлықтарды иемденгендер де болды.

Турнирдің негізгі мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, бұқаралық спортты дамыту және ел тыныштығы жолында қызмет еткен азаматтардың есімдерін ұлықтау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді екен.

Жалпы, еркін күрес – екі спортшының боз кілем үстінде белгілі бір ережелер аясында күш сынасатын олимпиадалық спорт түрі. Мұнда қарсыластың денесінің кез келген бөлігінен ұстап, аяқтан шалу, қағып түсіру және лақтыру сияқты әдістерді қолдануға рұқсат етіледі.

Күреске қатысқан спортшының негізгі мақсаты – қарсыласын әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана отырып жеңу. Бұл спорт түрі адамның күш-қуатын, төзімділігін, шапшаңдығын және тактикалық ойлау қабілетін дамытады. Ең бастысы бұл спорт түріне барған бала шыдамдылыққа үйренеді. Ал, байсалды әрі  шыдамды адам өмір жолында да шешім қабылдаудан қателеспесі анық. Оған қоса спортпен шұғылданған адам  салауатты өмір салтын ұстанатыны бесенеден белгілі.

Жалпы Қазақстан бойынша жыл сайын республикалық деңгейде көптеген турнирлер ұйымдастырылып тұрады. Олардың әрқайсысы белгілі бір мереке немесе елге еңбегі сіңген танымал тұлғалардың құрметіне арналады. Мәселен, Сайрамдағы турнир Жеңіс күні қарсаңында өткізілген. Сонымен қатар Қазақстан чемпионаттары жылына бірнеше рет ұйымдастырылса, «Қазақстан Барысы» қорының бастамасымен де ірі жарыстар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Нәтижесінде елімізде күрес түрлерінен жыл сайын ондаған республикалық деңгейдегі турнирлер өтеді.

Қазіргі таңда жастар арасында еркін күресті таңдайтындардың қатары көп.    6-7 жасынан бастап күреспен айналысқан бала, 10-12  жасында республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады. Осылайша өзінің болашақ спорттық мансабының негізін қалайды.

Мамандардың пікірінше, баланы спортқа баулу – оны дене шынықтыруға ғана емес, өзін-өзі қорғауға, тәртіпке және жауапкершілікке үйретудің тиімді жолы. Әсіресе кәсіби бапкерлер жас спортшыларға күшті орынсыз қолдануға болмайтынын түсіндіріп, спорт мәдениетін қалыптастырады.

Сайрам ауданында өткен бұл турнир де жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына, олардың шеберлігін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға өз үлесін қосты. Осындай жарыстардың арқасында ел спортының болашағы саналатын жас таланттар анықталып, үлкен спортқа жолдама алуда. Қазақстан спорты қарыштап дамып, көк туымызды желбіретер азаматтарымыз көбейе берсін!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close