ТҮРКІСТАНДА ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІН КҮШЕЙТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН АУҚЫМДЫ РЕЙД ӨТТІ
Түркістан қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.

Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының нұсқауына сәйкес өткен рейдке 200-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылып, қала көшелерінде күшейтілген бақылау жүргізілді.
Рейд барысында тәртіп сақшылары жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауын тексеріп, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар атқарды. Әсіресе жол-көлік оқиғаларына себеп болатын құқықбұзушылықтардың алдын алуға басымдық беріліп, анықталған заңбұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қолданылды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері жүргізушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіздік белдігін тағу, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолданбау және жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстанудың маңыздылығын түсіндірді.
Полицияның мәліметінше, мұндай рейдтік іс-шаралардың негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.



