ДУБАЙДА «ҮЙ ШАРУАСЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ» АТАУЫ ӨЗГЕРТІЛДІ
Дубай билігі ана мен әйелдің қоғамдағы рөлін айқындайтын маңызды бастама көтерді. Енді ресми құжаттар мен мемлекеттік құжат айналымында «үй шаруасындағы әйел» ұғымы қолданылмайды. Оның орнына «ұрпақ қалыптастырушы» атауы енгізілді.

Жаңа өзгеріс әйелдердің отбасы мен қоғамдағы еңбегіне деген құрметті арттыруға және аналардың ұлт болашағын қалыптастырудағы рөлін айқындауға бағытталған. Бастама арқылы үй шаруасымен айналысатын әйелдердің еңбегін тек тұрмыстық міндет ретінде емес, қоғамның дамуына қосылатын маңызды үлес ретінде бағалау көзделіп отыр.
Біріккен Араб Әмірліктері дәстүрлі құндылықтар мен отбасы институтына ерекше мән беретін мемлекеттердің бірі саналады. Осыған қарамастан, ел билігі соңғы жылдары әйелдердің әлеуметтік мәртебесін көтеруге және олардың қоғамдағы орнын нығайтуға бағытталған бірқатар реформаларды жүзеге асырып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа терминді енгізу құқықтық немесе құрылымдық өзгерістерден гөрі қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған символдық әрі идеологиялық қадам. Бұл бастама аналардың еңбегіне деген көзқарасты өзгертіп, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі және қоғамның болашағын қалыптастырудағы миссиясын айшықтай түсуді мақсат етеді.
Жаңа атаудың енгізілуі қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ана еңбегінің маңызын арттыруға және әйелдердің қоғамдағы беделін нығайтуға ықпал ететін маңызды бастамалардың бірі ретінде бағалануда.



