АҚТӨБЕ МЕН ТАШКЕНТ АРАСЫНДА ТІКЕЛЕЙ ӘУЕ РЕЙСІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
2 тамыздан бастап Ақтөбе халықаралық әуежайынан Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына тұрақты тікелей әуе рейстері ашылады. Жаңа бағыт екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейтіп, жолаушыларға сапарды бұрынғыдан да ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, рейстерді «Centrum Air» әуе компаниясы орындайды. Алғашқы кезеңде әуе қатынасы аптасына екі рет жүзеге асырылады.
Жергілікті биліктің айтуынша, жаңа бағыт туристік, іскерлік және жеке мақсаттағы сапарларға сұранысты арттырып, өңіраралық байланысты нығайтуға ықпал етеді. Тікелей рейстің іске қосылуы жолаушылардың жол уақытын қысқартып, қосымша транзиттік аялдамаларсыз Ташкентке жетуіне мүмкіндік береді.
Облыс әкімдігі тұрғындарды жаңа әуе бағытын пайдалануға шақырып, билеттерді Centrum Air әуе компаниясының ресми сайты немесе уәкілетті агенттіктер арқылы сатып алуға болатынын хабарлады.
Жаңа рейстің ашылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік қатынасын дамытуға, туризм мен іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.



