ТОБЫЛ ӨЗЕНІНЕН ЗАҢСЫЗ ӨНДІРІЛГЕН ҚҰМНЫҢ ҚҰНЫ 719 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТЫ
Қостанай облысында Тобыл өзенінен өнеркәсіптік көлемде құмды заңсыз өндірді деген күдікпен кәсіпорын басшысына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу мәліметінше, заңсыз әрекет салдарынан өзен арнасы өзгеріп, қоршаған ортаға елеулі экологиялық зиян келтірілген.

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, «СТС-Цемент» ЖШС басшысы мемлекет белгілеп берген жер қойнауы учаскесінен тыс аумақта, Тобыл өзенінің арнасы мен жағалауынан өзен құмын заңсыз өндіруді ұйымдастырған.
Ведомствоның мәліметінше, жұмыстар гидромеханикаландырылған әдіспен жүргізілген. Бұл үшін өзен түбінен құм өндіруге арналған екі жер снаряды пайдаланылған. Кейін өндірілген құм кәсіпкерге қатысы бар ұйымдарға өткізілген.
Тергеу барысында заңсыз өндіріліп, сатылған өзен құмының жалпы көлемі 113 мың текше метрден асқаны анықталған. Оның жалпы құны 719 миллион теңгені құраған.
Мамандардың бағалауынша, заңсыз өндіріс табиғатқа айтарлықтай зиян келтірген. Нәтижесінде Тобыл өзенінің арнасы өзгеріп, жағалау сызығы бұзылған, гидрологиялық режимге нұқсан келген. Сонымен қатар, өзен маңында батпақтанған аумақтар пайда болған.
Ғарыштық түсірілімдердің деректеріне сәйкес, заңсыз жұмыстардың салдарынан бүлінген су қоры жерлерінің жалпы аумағы 28 мың шаршы метрден асқан.
Тергеу барысында күдіктінің мүлкіне сот санкциясымен тыйым салынды. Атап айтқанда, 12 автокөлікке, 10 жер учаскесіне және бір тұрғын емес ғимаратқа шектеу қойылған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қозғалған қылмыстық іс соттың қарауына жолданды. Сот барысында істің барлық мән-жайы жан-жақты қаралатын болады.



