ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДА ДАУЫЛДАН 49 ТҰРҒЫН ҮЙ БҮЛІНДІ
Павлодар облысында болған қатты дауыл мен бұршақ салдарынан ондаған тұрғын үй мен әлеуметтік нысанға зақым келді. Табиғаттың тосын мінезі әсіресе Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кенті мен Екібастұз қаласының Құдайкөл ауылында айтарлықтай шығын келтірген.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 19 шілде күні өңірде желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетіп, кей жерлерде бұршақ жауған. Қолайсыз ауа райы тұрғын үйлердің шатырларын ұшырып, электр желілері мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына зақым келтірген.
Табиғи апаттың салдарынан Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кенті мен Екібастұз қаласының Құдайкөл ауылында 2 көпқабатты және 47 жеке тұрғын үйдің шатырлары ішінара бүлінген. Осылайша, жалпы саны 49 тұрғын үй зардап шекті.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар нысандар мен электр желісі шаруашылығының бірқатар объектілеріне де зақым келген. Қазіргі уақытта арнайы комиссия келтірілген шығын көлемін анықтап, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру бағытында қажетті шараларды қолға алған. Зардап шеккен нысандар бойынша жағдай бақылауда.





