Без рубрики

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҮШЕМНІҢ ӨЛІМІНЕ ҚАТЫСТЫ ТЕКСЕРІС ТАЛАП ЕТІЛДІ

Алматы облысында мерзімінен бұрын дүниеге келген үшемнің шетінеп кетуі қоғамда үлкен резонанс туғызды. Марқұм болған сәбилердің туыстары дәрігерлер тарапынан медициналық көмек көрсету кезінде қателік жіберілген болуы мүмкін деп күдіктеніп, перзентхана жұмысына жан-жақты тексеріс жүргізуді талап етуде.

Туыстарының айтуынша, анасы Айдана Оразбаеваның жүктілігі алты ай бойы қалыпты өткен. Денсаулығына қатысты елеулі шағымдар болмаған. Алайда 17-сінен 18-шілдеге қараған түні толғағы ерте басталып, қағанақ суы кеткеннен кейін оны алдымен тіркеуде тұрған Жамбыл аудандық ауруханасына жеткізген. Кейін дәрігерлердің шешімімен әйел Қаскелеңдегі перзентханаға ауыстырылған.

Сол күні таңғы сағат 07:00 шамасында әйел үшемді дүниеге әкелген. Алайда бірнеше сағат өткен соң туыстарына нәрестелердің екеуі шетінеп кеткені туралы хабарланған. Отбасы мүшелері бұл жағдай туралы өздеріне дер кезінде хабар берілмегенін айтып отыр.

Марқұм болған сәбилердің туыстары тағы бірқатар жайтқа күмән келтіріп отыр. Олардың сөзінше, нәрестелердің мәйіттері тапсырылған кезде тиісті ресми құжаттар берілмеген. Екі сәбиді жерлеп келгеннен кейін ғана үшінші нәрестенің де көз жұмғаны белгілі болған.

Отбасы мүшелері өздеріне берілген мәйіттердің шынымен өз сәбилеріне тиесілі екеніне де күмәнданатынын айтады.

«Нақты біздің балаларымызды бергеніне сенімді емеспіз. Олар жай ғана оларды шүберекке орап, қорапқа салып тапсырды», – дейді марқұм нәрестелердің туысы.

Сондай-ақ олардың айтуынша, үшінші нәрестенің денесі әлі күнге дейін отбасына қайтарылмаған.

Қайғылы оқиғадан кейін отбасы перзентханадағы медициналық көмектің сапасы мен дәрігерлердің әрекеттеріне жан-жақты тексеріс жүргізуді талап етіп отыр. Олар сәбилердің өліміне не себеп болғанын анықтап, жауапты тұлғалардың заң аясында жауапқа тартылуын сұрайды.

Қазіргі уақытта аталған жағдайға қатысты құзырлы органдардың ресми қорытындысы жарияланған жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайы тексеру нәтижесінде белгілі болады.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close