Без рубрики

АИДА БАЛАЕВА ЖАС ӨНЕРПАЗДАРДЫҢ ЖЕҢІСІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық музыкалық байқауларда жүлделі орындарға ие болған қазақстандық жас өнерпаздармен кездесті.

Кездесуге халықаралық додаларда ел намысын қорғап, биік нәтиже көрсеткен Ақерке Амалят, Жасмина Түзелова, Ален Бәсен, сондай-ақ олардың ұстаздары мен ата-аналары қатысты.

Аида Балаева жас таланттарды жеңістерімен құттықтап, олардың жетістігі Қазақстанның мәдени әлеуетін көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, дарынды жастарды қолдау – елдің болашағына бағытталған маңызды инвестиция.

«Бүгін сіздермен бірге бүкіл Қазақстан қуанып отыр. Әрбір жеңіс – еліміздің ортақ жетістігі. Бұл нәтижелердің артында жас өнерпаздардың таланты мен табандылығы, ұстаздардың кәсіби еңбегі және ата-аналардың қолдауы тұр. Қазақстандық балалардың халықаралық сахнада жоғары нәтиже көрсетуі отандық өнер мектебінің деңгейі жоғары екенін дәлелдейді», – деді Аида Балаева.

Кездесу барысында халықаралық байқауларда жеңіске жеткен жас өнерпаздардың жетістіктері атап өтілді.

Ақерке Амалят 2026 жылы өткен «Витебскідегі славян базары» XXXV халықаралық өнер фестивалінің эстрадалық ән орындаушылар байқауында І орын иеленіп, «Лира» арнайы сыйлығына ие болды.

Ал Жасмина Түзелова осы фестиваль аясындағы балалар байқауында ІІ орынға қол жеткізіп, авторлық ән жазуға мүмкіндік беретін арнайы сертификат алды.

Жас виолончельші Ален Бәсен Италияда өткен Rovere d’Oro XXXVII халықаралық музыка байқауында жеңімпаз атанды. Ол «Жас таланттар» секциясының екінші жас санатында 100 ұпайдың барлығын жинап, Primo Premio Assoluto марапатына ие болды.

Кездесу барысында жас орындаушылардың шығармашылық дамуына үлес қосып жүрген ұстаздар мен ата-аналардың еңбегі де ерекше бағаланды.

Өнерпаздар мен олардың жақындары көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс білдіріп, халықаралық сахнадағы жетістіктері жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close