НЕТАНЬЯХУ ТРАМПТЫҢ ГАЗАҒА ҚАТЫСТЫ ЖОСПАРЫН ҚАБЫЛДАМАДЫ
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Газа секторына қатысты 15 тармақтан тұратын жоспарды қабылдамайтынын мәлімдеді.

Нетаньяху Израильдің негізгі талабы – ХАМАС қозғалысының толық қарусыздануы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл шарт орындалмайынша Израиль әскері Газа секторынан шығарылмайды.
«Израиль 15 тармақтан тұратын бұл құжатты қабылдамайды. ХАМАС толық қарусыздандырылмайынша, Израиль қарулы күштері Газа секторынан әскерін шығармайды. Сонымен қатар Израиль әскері өз сарбаздары мен азаматтарына төнетін қауіптің алдын алуды жалғастырады», – деді Нетаньяху министрлер кабинетінің отырысында.
Израиль премьер-министрі әскерді Газа секторынан шығару мәселесі ХАМАС-тың қаруын тастауымен тікелей байланысты екенін тағы да қайталады.
Сонымен қатар Нетаньяху АҚШ өкілдерімен келіссөздер жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Вашингтон тарапынан ұсынылған бастамалардың кейбір тармақтары Израиль үшін қолайлы болғанымен, жекелеген мәселелер бойынша тараптардың ұстанымы сәйкес келмейді.
«Олардың өз ұсыныстары бар. Оның кейбіреуі бізге қолайлы, ал кейбірін қабылдай алмаймыз. Мұндай мәселелерде өз ұстанымымызды қалай қорғау керектігін білеміз», – деді Израиль үкіметінің басшысы.
Осылайша, Израиль тарапы АҚШ президентінің Газаға қатысты бастамасын толық көлемде қолдамайтынын білдіріп отыр. Ал тараптар арасындағы келіссөздер барысында жоспардың жекелеген тармақтары бойынша ортақ ұстаным қалыптастыру мәселесі талқылануда.



