КЕНЖЕБЕК ЖАНӘБІЛОВКЕ ОТА ЖАСАЛУЫ МҮМКІН
Танымал әнші Сәкен Майғазиев өнердегі іні-бауыры, жерлесі әнші Кенжебек Жанәбіловтің жағдайын біліп қайтты. Оның айтуынша, Кенжебек Жанәбілов инфаркт алған және қазір дәрігерлердің бақылауында.

Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында өнер иесінің денсаулығына алаңдап, оған қолдау білдірді.
Әншінің жазуынша, Кенжебек Жанәбілов екі күн бұрын жүрегі қатты қысылып, ұстама болғаннан кейін медициналық көмекке жүгінген. Қазір оның жағдайы біршама тұрақталғанымен, дәрігерлер мұқият бақылау мен күтім қажет екенін айтқан.
Сондай-ақ мамандар Қазақстанның жоғары білікті кардиологтарымен консилиум өткізіп, әрі қарайғы емдеу тактикасын анықтауы қажет екенін жеткізген. Алдын ала мәлімет бойынша, ота жасалған жағдайда әншіге бірнеше ай бойы сахнадан уақытша шеттеп, демалу қажет болуы мүмкін.
«Кенжебек Тұрсынбайұлына дұға жасап қоялық. Алла шипа берсін. Құлан-таза жазылып, аттай шауып жүрсін», – деп жазды Сәкен Майғазиев.
Айта кетейік, бұған дейін Кенжебек Жанәбіловтің жүрек қан тамырлары бітеліп, жансақтау бөліміне түскені хабарланған болатын.
Қазір өнер иесінің жанкүйерлері әлеуметтік желіде оған жылы тілектерін жолдап, тезірек сауығып кетуін тілеп жатыр.



