ТРАМП ТОҚАЕВТЫ МАЙАМИДЕ КҮТЕТІНІН АЙТТЫ
АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты желтоқсанда Майами қаласында өтетін G20 саммитінде күтетінін айтты. Бұл туралы АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының делегациясын бастап келген конгрессмен Джейсон Смит Мемлекет басшысымен кездесуде жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының Бюджет және салық комитетінің төрағасы Джейсон Смит бастаған америкалық делегацияны қабылдады. Кездесуге Конгресс мүшелері Грег Мерфи, Кэрол Миллер, Ронни Джексон, Уэсли Белл және Эдвард Кейс те қатысты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Әсіресе сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, парламенттік дипломатияны дамыту және екіжақты байланысты жаңа бағыттар бойынша нығайту мәселелеріне назар аударылды.
Америкалық делегацияны бастап келген Джейсон Смит Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы қабылдағаны үшін алғыс айтып, АҚШ Президенті Дональд Трамптың сәлемін жеткізді.
«Бүгін түнгі екіде маған Президент Дональд Трамп қоңырау шалды. Мен оған бірнеше сағаттан соң Сізбен кездесетінімді айттым. Ол Сізге ізгі тілегін жолдап, араларыңызда қалыптасқан сенімді әрі конструктивті қарым-қатынасқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Президент Сізді G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтетінін айтты», – деді Джейсон Смит.
Конгрессменнің айтуынша, америкалық делегацияның Қазақстанға сапарының негізгі мақсаттарының бірі – екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу. АҚШ тарапы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған мазмұнды диалогты жалғастыруға мүдделі екенін білдірді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Тараптар сауда, экономика, инвестиция, озық технологиялар, ғылым, білім және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін де қарастырды. Сонымен қатар Қазақстанның жаңа саяси жүйесі мен жүргізіліп жатқан реформалары туралы пікір алмасты.
Парламенттік дипломатия мәселесіне де ерекше мән берілді. Президент америкалық Конгресс пен Қазақстанның жаңа бір палаталы Құрылтайы депутаттары арасындағы тікелей байланысты дамытудың маңызын атап өтті. Мұндай өзара іс-қимыл екі елдің заң шығарушы органдары арасында тәжірибе алмасуға және өзара түсіністікті нығайтуға мүмкіндік бермек.
Майами қаласында өтетін G20 саммиті де кездесудің маңызды тақырыптарының бірі болды. Қазақстан G20 мүшесі болмаса да, 2026 жылғы желтоқсанда өтетін саммитке Мемлекет басшысы Дональд Трамптың шақыруымен қатысады. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл сапарды бұған дейін растаған болатын.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Майамиге жоспарланған алдағы сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.
Осылайша, Вашингтон мен Астана арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалог жалғасып отыр. Алдағы G20 саммиті екі ел арасындағы экономикалық, инвестициялық және стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды халықаралық алаңдардың біріне айналмақ.



