Без рубрики

«KITAPTIME – 2026» ФЕСТИВАЛІНЕ 55 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСТЫ

Қазақстанның барлық өңірінде «KitapTime – 2026» V жалпы республикалық кітап фестивалі өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды мәдени-ағартушылық шара биыл да кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды.

Фестивальдің негізгі алаңы Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылды. Бағдарламаға кітап жәрмеңкесі, әдеби кездесулер, буккроссинг, шеберлік сабақтары және «Оқитын ұрпақ: жаңа оқырманды қалыптастырудың заманауи жолдары» атты халықаралық дөңгелек үстел енді.

Іс-шара барысында кітапханада жасөспірімдерге арналған жаңа оқу залы ашылды. Сондай-ақ серб әдебиетіне арналған бұрыштың тұсауы кесілді. Онда белгілі серб қаламгерлерінің шығармаларын қоса алғанда, көркем және балалар әдебиеті бойынша 120 кітап қойылған.

Осылайша Ұлттық академиялық кітапханадағы шетел әдебиетіне арналған кеңістіктердің саны 20-ға жетті.

Фестиваль аясында кітапхана, телевизия және театр салалары арасындағы байланысты нығайтуға да мән берілді. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы және «Жастар» театры «Кітап, өнер және медиа: жаңа серіктестік» тақырыбында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Сонымен қатар «Ауылға кітап» акциясы ұйымдастырылып, жаңа басылымдардың таныстырылымдары өтті. Оқырмандар қаламгерлермен және әдебиет саласының өкілдерімен кездесіп, кітап әлеміндегі жаңа бағыттармен танысты.

Алматыда фестиваль іс-шаралары Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында жалғасты. Мұнда оқырмандарға 2025–2026 жылдары жарық көрген жаңа басылымдар, сирек кездесетін кітаптар және XX ғасырдағы мерзімді басылымдардың архивтік нөмірлері ұсынылды.

Бағдарлама аясында әдеби кездесулер, пікірталастар, авторлардың қолтаңба беру рәсімдері, интерактивті бағдарламалар мен кино көрсетілімдері ұйымдастырылды.

Фестивальде кітапты насихаттаудың заманауи тәсілдеріне де ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, «Book Blogger» кездесуінде әлеуметтік желілерде кітап туралы сапалы контент әзірлеу, оқырман аудиториясын қалыптастыру және жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру жолдары талқыланды.

Жалпы, «KitapTime – 2026» фестивалі аясында еліміз бойынша 1 795 мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылып, оған 55 726 адам қатысты.

Фестивальдің басты мақсаты – кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттап, жаңа оқырман буынын қалыптастыру және әдебиетті заманауи форматтар арқылы көпшілікке таныту. Биылғы көрсеткіштер Қазақстанда кітапқа деген қызығушылықтың әлі де жоғары екенін көрсетті.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close