ӘЛНАЗАРОВА ҚАЙТЫС БОЛҒАННАН КЕЙІН ДОНОР БОЛУҒА КЕЛІСТІ
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейін ағза мүшелерін трансплантацияға пайдалануға келісім берді. Министр бұл шешімін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Ақмарал Әлназарова мұндай тақырып туралы ашық айтуды маңызды санайтынын жеткізді. Оның айтуынша, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар адамдарға көмектесудің бір жолы.
«Бұл туралы ашық айтуды маңызды деп санаймын. Денсаулық сақтау министрі болғаным үшін емес, әрқайсымыздың бір күні өзіміз немесе жақын адамымыз үшін осындай шешім қабылдау қажеттілігіне тап болуымыз мүмкін болғандықтан», – деді министр.
Ведомство басшысы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беретін азаматтардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда елімізде шамамен 184 мың адам өз шешімін eGov арқылы ресми түрде тіркеген.
Қазақстанда трансплантацияны қажет ететін азаматтардың саны әлі де жоғары. Қазіргі уақытта 4 867 адам ағза ауыстыру бойынша кезекте тұр.
Олардың ішінде:
- 4 311 адамға – бүйрек;
- 212 адамға – жүрек;
- 314 адамға – бауыр;
- 30 адамға – өкпе трансплантациясы қажет.
Министрдің пікірінше, донорлық мәселесі туралы қоғамда ашық пікір қалыптастыру маңызды. Себебі бір адамның қайтыс болғаннан кейінгі шешімі бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беруі мүмкін.
Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – трансплантацияны күтіп отырған науқастар үшін өмірлік маңызы бар медициналық бағыттардың бірі. Осыған байланысты азаматтардың өз еркін алдын ала білдіріп, оны ресми түрде тіркеуі донорлық жүйенің тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.



