Без рубрики

ТҮРКІСТАНДА ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КҮРЕСТІҢ ЖАҢА ТЕТІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістанда есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте халықаралық прокурорлық ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқыланды. 11 қыркүйекте қалада Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымы Бас прокурорлары кеңесінің бесінші отырысы өтті.

Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Түркия прокуратураларының басшылары, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының Үйлестіру кеңесінің өкілі қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – цифрлық технологиялар мен онлайн-платформалар арқылы жасалатын есірткі қылмысына қарсы бірлескен іс-қимылды күшейту. Атап айтқанда, криптовалюталарды пайдалану, интернеттегі есірткі саудасы, қылмыстық желілерді анықтау, бірлескен тергеу жүргізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін құқық қорғау саласына енгізу мәселелеріне басымдық берілді.

Берік Асылов қазіргі қылмыстық қауіп-қатерлердің бір мемлекеттің шекарасымен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, трансұлттық қылмысқа қарсы күрестің нәтижелілігі елдер арасындағы ақпарат алмасудың жеделдігіне, бірлескен тергеу жұмыстарына және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға тікелей байланысты.

Қазақстан тарапы есірткі бизнесіне қарсы күресте дәстүрлі құқық қорғау тәсілдерін цифрлық криминалистика, қаржылық талдау, жасанды интеллект және үлкен деректер технологияларымен ұштастыратын кешенді жүйесін таныстырды.

Соңғы бес жылда елімізде 400-ден астам есірткі зертханасы жойылып, 75 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған. Сонымен қатар есірткі тасымалдаудың 720 арнасының жолы кесіліп, 147 тоннадан астам есірткі тәркіленген.

Цифрлық кеңістіктегі есірткі саудасына да ерекше назар аударылып отыр. 2025–2026 жылдары цифрлық платформалармен өзара іс-қимыл жасау арқылы есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 7 мыңға жуық интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды.

Сондай-ақ прекурсорлардың заңсыз айналымын бақылау үшін Таргетинг-орталық құрылып, оған 23 ақпараттық базаның деректері біріктірілген.

Құқық қорғау органдарының жұмысында жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау технологияларының маңызы да артып келеді. Бұл құралдар қылмыскерлердің цифрлық іздерін анықтауға, криптовалюталық операцияларды бақылауға және трансұлттық қылмыстық байланыстарды белгілеуге мүмкіндік береді.

Есірткі бизнесіне қатысты қылмыстардың қаржылық тетіктерін анықтауға да басымдық берілуде. «Ақшаның ізімен жүру» қағидаты негізінде соңғы екі жылда есірткі бизнесіне байланысты шамамен 35 миллион АҚШ доллары көлеміндегі активтерге тыйым салынған.

Жиында Қазақстан Ұлттық таргетинг-орталықтар желісін құрып, оларды кейіннен бірыңғай өңірлік талдау жүйесіне біріктіру туралы ұсыныс білдірді. Бұл бастама есірткінің заңсыз айналымына қатысты ақпаратты жедел өңдеп, қылмыстық желілерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, есірткі бизнесінің арналары туралы ақпарат алмасуға және оларға жедел ден қоюға арналған халықаралық цифрлық платформа құру мәселесі пысықталып жатыр. Пилоттық жобаны Өзбекстанмен бірлесіп іске асыру жоспарланған.

Отырыстың маңызды нәтижелерінің бірі – Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің прокуратура органдары арасында қылмыстық сот ісін жүргізу шеңберінде мемлекеттік айыптауды қолдау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды.

Құжат аясында тараптар процестік практика, әдістемелік және талдамалық материалдар бойынша тұрақты ақпарат алмасуға, бірлескен сараптамалық іс-шаралар мен оқу бағдарламаларын өткізуге ниетті.

Бұл меморандум 2025 жылғы қыркүйекте Түркістанда өткен ТМҰ-ға мүше және бақылаушы мемлекеттердің мемлекеттік айыптаушыларының халықаралық форумында қол жеткізілген уағдаластықтардың заңды жалғасы болды.

Жиын соңында тараптар есірткі бизнесіне қарсы күрес, цифрлық криминалистика және қаржылық тергеп-тексеру бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге келісті. Сонымен бірге жасанды интеллект пен заманауи талдау технологияларын құқық қорғау қызметінде қолдану бойынша тәжірибе алмасуды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Түркістанда өткен кеңес түркі мемлекеттерінің прокуратура органдары арасындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеріп, цифрлық дәуірдегі трансұлттық қылмысқа қарсы бірлескен күрестің маңызды алаңына айналды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close