КАРАТЭШІЛЕР АЗИЯ ОЙЫНДАРЫН 5 МЕДАЛЬМЕН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Қазақстандық каратэшілер Азия ойындарындағы жарысты 5 медальмен аяқтады. Ел құрамасының қоржынында 2 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде бар.

Каратэден жарыстың соңғы күнінде Қазақстан намысын екі спортшы қорғады. Әйелдер арасында 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Бэлла Самашева қола медаль иеленді.
Қазақстандық спортшы жарысты ширек финалдан бастады. Алғашқы кездесуінде Тайбэй өкілін жеңіп, жартылай финалда Малайзия спортшысына есе жіберді. Қола жүлде үшін өткен жекпе-жекте 2023 жылғы Азия ойындарының чемпионы, Өзбекстан өкілі Севинч Рахимованы жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Айта кетейік, Бэлла Самашева үшін бұл күн ерекше болды. Спортшы жарыс өткен күні өзінің 22 жасқа толған туған күнін атап өтті.
«Өте-өте қуаныштымын! Бұл медальға жету жолы оңай болған жоқ. Әрине, алтын медальді қаладым. Бұл менің ғана емес, жеке бапкерім Берік Хасеновтың арқасында. Біз қаншама жыл бойы еңбек еттік. Қаншама қиындықтан өттік, жарақат та болды. Соған қарамастан қола медальға ие болдым», – деді Бэлла Самашева.
Ерлер арасында 75 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Әжіқанов ел намысын қорғады. Ол алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалғанымен, қарсыласының финалға шығуына байланысты қола жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болды.
Кіші финалда қазақстандық спортшы Филиппин өкілін айқын басымдықпен жеңді. Жекпе-жек 10:1 есебімен аяқталды.
Осылайша, Қазақстанның каратэ құрамасы Азия ойындарындағы жарысты нәтижелі аяқтады. Бұл спорт түрінен ел намысын барлығы алты спортшы қорғап, оның бесеуі жүлдеге ие болды.
Нәтижесінде қазақстандық каратэшілер 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.



