МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «AQIQAT» ЖУРНАЛЫН 105 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында «Aqiqat» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 105 жылдығына арналған «Заман мен зиялы мінбері» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Мерейтойлық жиынға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, журналистер мен басылымның ардагерлері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журнал ұжымына құттықтау жолдады. Президенттің құттықтау хатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.
Құттықтау хатында «Aqiqat» журналының ұлттық сана мен қоғамдық ойды қалыптастырудағы орнына ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы басылымның ғасырдан астам уақыт бойы елдің рухани-мәдени және қоғамдық өміріндегі маңызды мәселелерді көтеріп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде сапалы журналистика мен мазмұнды басылымдардың маңызы арта түсетіні айтылды.
Журнал ұжымына Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев та құттықтау хат жолдады. Министр өз хатында тарихы ғасырдан асатын басылымның қоғамдық пікір қалыптастырудағы, отандық журналистиканың дамуына үлес қосудағы және елдің рухани өміріндегі рөлін атап өтті.
Конференция барысында «Aqiqat» журналының қалыптасу тарихы мен әр кезеңдегі қызметі кеңінен сөз болды. 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» атауымен жарық көрген басылымның қоғамдық-саяси және рухани мәселелерді көтерудегі орны талқыланды. Сонымен қатар журналдың қазіргі бағыт-бағдары мен бүгінгі ақпарат кеңістігіндегі рөліне қатысты пікірлер айтылды.
Жиында редакцияның ардагерлері өз естеліктерімен бөлісіп, зерттеушілер басылым тарихына қатысты архивтік деректер мен ғылыми зерттеулерді таныстырды.
Мерейтойлық іс-шара аясында журнал тарихына арналған «Алаштың «Ақиқаты» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Жинақта әр жылдары басылымды басқарған бас редакторлар туралы мәліметтер, зерттеу еңбектері мен естеліктер қамтылған. Сондай-ақ «Қызыл Қазақстан» кезеңінен бүгінгі күнге дейінгі журнал жарияланымдарына шолу жасалған.
Іс-шара соңында «Aqiqat» журналының ардагері Сарбас Ақтаев «Парламентке 30 жыл» медалімен марапатталды.



