МУЗЫКА ӨНЕРІНІҢ ШЕБЕРІ, ЕЛІМІЗДІҢ ҮЗДІГІ
Биыл «Үздік педагог» байқауында озып шығып, таңдаулылар қатарына ілінген шымкенттік ұстаздың бірі – Оксана Дмитриева. Ол қаладағы «Саз» колледжінде музыка пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді.
Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, педагог-сарапшы 28 жылдан бері өнер саласындағы жоғары білікті және бәсекеге қабілетті мамандар тәрбиелер отыр.
О.Дмитриева көптеген халықаралық байқаулар мен музыка өнері зерттеушілерінің сайыстарында қазылар алқасының құрамына енген.
Еңбек жолын бастағаннан бүгінге дейін «Музыкалық теория», «Музыкалық әдебиет» номинациялары бойынша 20-дан астам республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты атанған.
Ұстаздың сольфеджио, музыкалық әдебиет пәндерінде музыкалық шығармаларды талдауға арналған авторлық еңбектері маман дайындаудың барлық кезеңдерінде оқу құралы ретінде қолданылады.
«Музыкалық әдебиет сабағында қазіргі білім беру технологиялары» атты үш тілде жарық көрген әдістемелік еңбегі өнер мектептерінде кеңінен қолданылып отыр.
Оксана Владимировнаның авторлық жинақтары 2028 жылы Мәскеу қаласында өткен халықаралық музыка байқауында «Музыкалық теория» номинациясы бойынша Гран-Приге лайық деп табылды. Сонымен бірге, ұстаздың өнерге бағытталған теориялары 2020 жылы Таллин қаласында да үздік болды.
Қажырлы еңбегінің арқасында өткен жылы «Қазақстан ұлағатты ұстазы» болған Оксана Дмитриева биыл еліміздің «Үздік педагогы» атанып отыр.