ЕЛБАСЫНЫҢ ӘЛЕМ ТАРИХЫНДА ҚАЛАТЫН БАСТАМАЛАРЫ
3. Сирия сергелдеңін шешу жолында
«Астана процесі». Тарихта дәл осынау атаумен қалатын сириялық жанжалды реттеуге бағытталған келіссөздер де еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен 2017 жылдан бері елордамызда өтіп келе жатқаны белгілі. Осыған уақытқа дейін сирияаралық келіссөздердің 13 раунды өтті. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де жеткілікті. Нақты айтқанда соғыс қимылдары тоқтатылып, деэскалация аймағы құрылып, босқындардың қауіпсіз оралуына барлық жағдай жасалды. Осы жылдың 2 тамызында елордада өткен келіссөздердің 13-раундында сириялық оппозиция делегациясының жетекшісі Ахмад әл-Тоума кездесу қорытындысында Сириядағы оқ атуды тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеген болатын.
«Біз мұнда өте маңызды міндетпен — Сириядағы атылған оқты, күнделікті жасалып жатқан қылмысты тоқтату үшін келдік. Сонымен бірге, Идлибтегі бауырларымыздың бейнетін тоқтатқымыз келеді. Қарқынды келіссөздерден соң оқ атуды тоқтату бойынша келісімге қол жеткіздік. Бұл уағдаластық ғасырдың ең басты қылмысын тоқтатуды және кепіл мемлекеттер тарапынан бұл келісімді орындау міндеттемесін қарастырады», — деген еді Ахмад әл-Тоума
Айта кетерлігі, 10-11 желтоқсанда елордада Сирия бойынша кезекті халықаралық жоғары деңгейдегі ХІV кездесу өтеді. Оған кепілгер елдер – Иран, Ресей, Түркия, Сирия Үкіметі, Сирия қарулы оппозициясы делегациясының қатысуы жоспарланған. Бақылаушылар ретінде БҰҰ, Иордания, Ливан және Ирактың жоғары өкілдері де келмек.