ШЫМКЕНТТЕ БАРЛЫҚ КӨРСЕТКІШ БОЙЫНША ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ
Биыл 11 айда елімізде құрылыс саласына инвестиция тарту 2,1 есеге артқан. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндады.
Министрдің айтуынша, инвестициялар құрылыс саласында – 2,1 есеге, өңдеу өнеркәсібінде – 50,5, ауыл шаруашылығында – 40,5, саудада – 34,2, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында – 18,6 және қаржы саласында 14,2 пайызға өскен.
«Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе және Павлодар облыстарында байқалуда»,- деді. Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 7 өңірде – Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау және Павлодар облыстарында, сонымен бірге Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелгенін мәлімдеді.
Атап айтсақ, Шымкентте 11 айда өндіруші салалардағы инвестициялық белсенділік 55,2 пайызға артқан. Тұрғын үйді пайдалануға беру де 63,6 пайызға өскен. Бұл екі санат бойынша Шымкент республикада көш бастап тұр. Ал, құрылыс секторында өсу қарқыны бойынша алғашқы бестікте.