КЕСЕНЕГЕ “ҚАСТАНДЫҚ” ЖАСАП ЖҮРГЕН КІМ?
Түркі әлемінің астанасы төрт жыл бұрын еншісін алып, облыс орталығы статусына ие болды. Елбасының ерекше назары ауған қалаға қазынадан қыруар қаржы бөлініп, Түркістанның бас жоспары бекітілді. Шахар кезең-кезеңімен дамып, аз уақытта адам танымастай өзгерді. Мұнда ағылатын туристердің санында шек жоқ. Тек тұралап қалған туризмнің қарыштап қадам басуы “әлдекімдерге” ұнамайтын сияқты.
2022 жылдың наурыз айында “Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына бұрынғы “жаңа” басшы тағайындалды. Мәулен Сыдықбеков 2014 жылы да осы қызметте болған. (Оның қалай келіп, қызметінен қалай қуылғанын сәл кейінірек айтамын.) Мәулен Жарылқасынұлы бұрынғы креслосына отырған заматта, БАҚ беттерінде “Қожа Ахмет Яссауи” кесенесіне қауіп төніп тұр деген мағынада мақала жарық көрді. Ақпараттың анық-қанығын білу үшін алдына бардық аптығып. Музей басшысы кесене құлаудың алдында тұр дейді шімірікпей. Себебін сұрасақ, қаладағы абаттандыру жұмыстарының кесірі дейді. Шектен тыс ылғалдың әсерінен сан ғасыр сақталған тарихи жәдігердің қабырғасы үгітіле бастапты-мыс.
Басшының сөзі рас болса, Елбасыдан бастап, облыстың әкімдері бас жоспарды жүрдім, бардым бекіткен бе? Ал архитекторлар ай қараған!
Енді Мәулен Сыдықбековтың өзіне тоқталайын. Бұл кісі 2014 жылы басшы болып тұрғанда кесене маңындағы кәсіпкер әйелді бопсалаған екен. Ақпаратты интернеттен көрсеңіздер болады. Одан бөлек, Мәулен Сыдықбековтың командасы Укаша-ата басында “зікір” салып, туристердің зәре құтын қашырған. Мұныда интернеттен таба аласыз. Осындай олқылықтары көпке аян болған соң қызметінен қуылып еді. Қазір қайта келіп жылы орнына жайғасып алды. Музейдің сайтына кірсеңіз бұрынғы басшысы садақадан түскен ақшаның есебін беріп отырған. Қазір бұл үрдіс тұралап қалыпты. Музей алдында қалай болса солай сауда жасайтындар қаптап жүр. “Крышамыз” мықты дейді сұрасақ. Кесенеде құран бағыштағысы келген туристер де атаған ақшасын садақа жәшігіне емес, қызметкердің қолына ұстамыз дейді. Ұзынқұлақтан естігеніміз қазіргі басшы, бұрынғы командасын жинап алып, ескі әдетіне басып жатқан көрінеді.
Сонымен, мавзолейдің мазасын алып, кесенеге қастандық жасап жүрген кім?!