Без рубрики

БЕРДІБЕК СОҚПАҚБАЕВ: МАЛ — АДАМНЫҢ БАУЫР ЕТІ

Ауылда күнде жиналыс. Елді коллективке тарту.

Салақтатып сумка салған өкілдер келеді. Өкіл келсе, жиналыс шақырылады. Қараңғы халық аңқау бала тәрізді: кім не айтса, ауыздарын ашып тыңдайды. Өкіл боп келген адамды құдай көреді.

Колхоз жөнінде, болашақ өмір жөнінде неше алуан гу-гу әңгімелер. Колхоз болмаймын деп қашып жатқандар бар.

Қазақтың бар өмірі малмен байланысты. Мал — тамақ, мал — киім, мал — көлік, мал — отын (отқа мал тезегі жағылмай ма?), мал — баспана (киіз үйдің бар жамылғысы малдың жүнінен жасалмай ма?). — Жер-суға сыймай жататын малдан бұл кезде тамтық қалмаған…

Қазекең мал бағудың ғасырлар бойғы азабынан «құтылған».

Мал жоқ болған соң, енді әлгі аталғанның бәрі жоқ.

Жеуге тамақ болмағаннан өткен аянышты не хал бар екен?

Жоқшылық тек біздің өлкеде болмаса керек. Ішкергі Алматы, Шелек төңірегінен жан бағыс іздеп, жек жат-жұрағаттарын сағалап шұбырып келіп жатқан жұрт. Түр-түстерінен кісі қорыққандай.

Көктем. Күн қызу. Ауылдың қасындағы төбесіз ескі тамның біреуісін бір жас жігіт мекендейді. Аяқ-қолдары шелектей боп көгеріп ісіп кеткен. Көздері қап-қара, әдемі. Оқта-текте ел қыдырып, қайыр тілейді. Өзінде жоқ ел оған не беруі мүмкін?

Жәркенттен біздің үйді мият тұтып Мұқамеди, Жүніс дейтіндер келген. Жүніс шал, Мұқамеди оның баласы. Жігіт. Әйелдерінің аттары есімде қалмаған.

Мұқамедидің мен құралпы бір ер баласы бар, аты Садық. Екеуіміз бірге ойнаймыз.

Садықтың сары резинкадан істелген мүйізатары бар (рогатка). Біз, Қостөбенің балалары, бұрын мұндайды көрмегенбіз. Біздің қару-жарақ қорымызда мұндай аспап бұрын-соңды болмаған. Біздің қаруларымыз: садақ, сақпан.

— Бұнымен атса, адам да өледі, — дейді Садық.

Біз сенеміз. Керемет қаруына бола басқа балалар Садықтан именеді.

Адал еттіден Жүніс, Мұқамедилерде бір кәрілеу торы ат бар. Бізде түк жоқ. Екі үйдің аяқ лау етері сол ғана. Отқа жағатын көк тал тоғайдан сонымен әкелінеді.

Ауылдың дәл қасындағы түбекшеге тұсап қойған тор ат бір күні тұсауымен Текеске түсіп, өліп қалыпты. Ішіне су толған қарнын қампитып, бірнеше адам жағаға сүйреп шығарды. Мал иелерінің сондағы боздап жылағанын керсеңіз. Шал да, Мұқамеди де, әйелдері де, тіпті кішкентай Садық та мал емес, ең бір аяулы жақын адамдары өлгендей көздерінің жасы көл болып, еңіреп жүр. Қазаққа малдың қаншалық жақын екенін мен сонда білдім. Бір үйдің бүкіл үміт-тіршілігі, күн көрісі торы атпен қоса өлгендей еді.

(жалғасы бар)

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close