ДІЛДАР МАМЫРБАЕВА: АҒА, БҰЛ СІЗ БЕ?
Базардан оны-мұнымды сатып алып, шығар есікке таяй бергенімде терісі сүйегіне ілінген, ұрты суалған, қақырық толы кеудесі кіркіреп тұрған, түрі жапалаққа айналып кеткендей бір қайыршы мені көптен көрмеген танысындай құшақтай алды. Шашының ұйпа-тұйпасы шыққан, жара-жара бетінің адам қарарлық кейпі жоқ. Итеріп жібердім. Жиіркеніп, үсті-басымды қаққыштай бастадым.
— Кешір, кешір, — деді қалбалақтап. Оның сөйлегені тұнық дүниені лайлап жібергендей болып, табан астында ашуым қызсын. Салып жібергім келіп тұрып, көтерген қолымды ақырын төмен түсірдім. Мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенімде күші тасып жүретін кейбір жігіттер осындай қайыршы, бомждарды «қолымызды жаттықтырамыз, бойымызды үйретеміз» — деп ұрып кететін. Ондайда шыр-пырым шығатын.
— Құдай қарғаса, пайғамбар аса таяғымен түртсе, сендер ұрсаңдар, не болғаны сонда, — дейтінмін жаным ауырып.
Ұзап барып, артыма қарадым. Денесінде жаны бар демесең өліп қалғандай бүгжиіп тұр.
Бойымдағы бүкіл жиіркенішті түкірігіме жиып, жерге былш еткіздім. Жеңілдемедім. Бұл дақ киімімнен өтіп, жүрегіме жетіп, қаныма құйылып, тамыр-тамырымды кеулеп кеткен секілді. «Расында денеде бір кесек ет бар, сол түзу болса қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса қалған дүние де бүтіндей бұзылады» — деген Пайғамбарымыздың сөзі дөп келіп тұр. Себепсізден себепсіз тағы артыма қарадым. Күстенгеннен мүйізге айналып, қарс айырылған өкшеге көзім түсті. Құр сүлдерін сүйретіп қалтаңдап бара жатқан тіленші біреуге ұқсағандай ма…
Бейшара адамды итергеніме өкіндім, іле-шала «ой, қойшы, екі туып бір қалғаным дейсің бе, оны тіленші еткен мен бе екенмін» — деп өзімді ақтап, жұбатып қойдым. Сол ойыма тынышталғандай болдым.
Тынышталмаппын. Жапалақ өңді адам қайта-қайта есіме түсе берді. Жан қиыспас жақынымдай көз алдыма келеді де тұрады. Өткен өмірімнің қалтарыс, бұлтарыстарын түгел ақтардым. Біраз жерде ұзақ ойландым. Көмескеленген, сұрғылт тұстар айшықталғандай болды.
Орта мектепті бітіріп, Алматыға жоғары оқу орнына жүргелі жатқан күні соқырішек болып, ауруханаға түстім. Содан оқу жайына қалды. Бір ай тыныққаннан кейін колхоздың қара жұмыстарының біріне шығайын деп едім, үйдегілер: «ойбай, ауыр күш түскен соң ішегің қайта жарылып кетеді» деп рұқсат етпеді. Өзім де соны қалап тұрған секілдімін. Содан не істейсің? Үйде жатасың. Кітап оқисың. Газет-журнал қарайсың. Арасында шаруашылықтың машина-трактор жөндеу шеберханасына , қызылша плантациясына, қырманға барып мақала, репортаж жазамын. Оны бірден аудандық газетке жолдаймын. Жазғаным араға апта салып, газет бетінде жарияланып жатады. Осылайша ауылдағылар мені тілші деп қабылдайтын болды. Бірде «аудандық газеттен келіп кет» деген хабар келді. Дүдәмал оймен редакция есігін имене аштым. Корректор керек екен. Қуана келістім.
Менің жұмысқа орналасқаным редакциядағы жігіттерге жақсы болған секілді. Алып кел, барып келдің барлығына мені жұмсайды. Әсіресе, жұмыс аяғына таман гастрономға екі-үш мәрте шауып барып, шауып келетін кездерім болады. Одан қала берсе Аман Шалов ағам таңертең гастрономнан бір бидон сүт алып, менің қолыма ұстатады. Шауып барып, біздің үйге апарып таста, жеңгең күтіп отыр дейді. 2-3 шақырым жердегі үйіне сүтті апарып беремін. Редактордың орынбасары Нөсер Әзиев деген ағам. КазГУ-дің журналистика факультетін жаңадан бітіріп келген кезі. Өте сақ, секемшіл кісі. Әр сөздің түбінен бір шайтан көрініп тұрады-ау деймін, бір хабардың өзін бірнеше мәрте оқиды. Мұнысы да ешнәрсе емес. Ол кезде қазіргідей компьютер, линотип машинасы жоқ. Газеттің төрт бетін төрт қыз күні бойы қолмен тереді. Корректордың жұмысы кешке қарай басталады. Жұмыс түн ортасы ауа, шамамен сағат 3 — 4 -тер шамасында аяқталады. Нөсер ағам кезекші болған күні, жұмыс аяқталған соң қолына үлкен таяқ алады, менің қолыма да бір таяқ береді де, кеттік дейді. Ол кезде аудан орталығында грек ұлты көп болатын. Олардың балалары бұзықтау келеді. Кәдімгідей сескенесің. Айналасын ықтырып алған. Содан аяқты аннан бір, мыннан бір басып Нөсер ағаның үйіне жетеміз. Ол үйіне жете бергенде: «ал жақсы, абайлап жүр» — деп қақпасын іштен бекітіп үйіне кіріп кетеді. Ал мен болсам, зәрем зәр түбіне кетіп, өз жандарын өздері түтіп жеп жүрген бұзық балалар кездесіп қалмаса екен деп, мүлдем басқа бағыттағы ағамның үйіне бет түзеймін.
Рахыш ағам — жауапты хатшы. Қамқор. Жазған мақалаңды тоқтаусыз салады. Айдың соңында оңаша шақырып алып, саған 25 сом қаламақы қойдым. Он сомы саған, он бес сомын ешкімге көрсетпей маған әкеп бер. Редакцияның тәтті-шәйін алғанға керек болады дейді. Мен қаламақы алған бойда апарып беремін.
Әріпжан ағам да қызық. Басқаларға қарағанда өндіртіп жазады. Бұл кісі де сақ. Біреуге бірнәрсе айту үшін жан-жағына қарап алып, аузын құлағыңа тақап, сыбырлап айтады. Күбірлеп жеткізетіндей ешқандай құпия емес. Кейде екеуміз баспаханадан бірге қайтамыз. Көше кең. Айналаңда ешкім жоқ. Сол баяғы әдетімен жеңіңнен тартып тоқтатып алып, жан-жағына қарап, құлағыңа сыбырлайды. Мен таң қаламын, Бірақ, жанымызда ешкім жоқ қой, дауыстап айта бермейсіз бе дегенді бетіне айта алмаймын.
Әбдіразақ — аудармашы. Өзі өте әзілқой, қылжақпас кісі. Редакциядағылардың бәрімен әзілдеседі. Тіпті, кейде телефонмен кез-келген нөмірді тереді де: «бұл аудандық электр энергиясын тарату мекемесінен ғой, сіздерде жарық бар ма?» — дейді. Аржақтан «бар» дейтін болу керек. «Е, онда жақсы екен, светтің жарығымен биттеріңізді сыға беріңіздер» деп трубканы қоя салады. Әзілдері осы тектес болып келеді. Бірде мынадай бір оқиға болды. «Ара» журналына «Кекеш пейішке бармайды» деген мақала шығыпты. Соны көрген Әбдіразақ көкем журналдың сол бетін ашып, Асханбай көкемнің столына апарып қойды. Ол кісі — кекеш. Бәріміз отырмыз дым білмегенсіп. Бір кезде Асханбай көке келді түскі үзілістен кешігіп. Стол үстіндегі «Ара» журналына көзі түсті. Орнына отыра салып оқуға кірісті. Арада он минуттай уақыт өткенде, тұтықпай, кекештенбей, «Атаңның басы, кекеш пейішке барады!» деп орнынан атып тұрды. Бәріміз жанартау атылғандай дарылдай күлдік. Кабинеттің қабырғалары да селкілдеп кетті-ау деймін сол кезде.
Редакциядағы Марат Абзалиев … Өткен дүние сағымға айналыпты-ау. Өте талантты, тілінің тікені бар журналист еді. Сатиралық жанрға бейім болатын. Жазғанын жеңіл оқитынсың. Біздің жазған мақала жаттанды, үйреншікті болса, оның бір жазғаны екінші жазғанына ұқсамайтын. Мәнері мөрлеген ақ қағаздай еді. Сөзге өң беріп, түр салатын. Біреудің шылауында жүрмейтін, көкіректі, көзді, омыраулап жүретін азамат.
Мен «Гүлнәз» деген әңгімемді «оқып көріңізші» деп тізем дірілдеп, қолым қалтырап алдына апардым. Қабырғада ілулі тұрған «Өмір баспалдақтары» деген суретке үңіліп тұр екен.
— Махаббат туралы ма? — деп сұрады жайбарақтап.
— Иә, — дедім өз даусымды өзім жұтып.
— Сүйіп көрдің бе?
— …
— Махаббаттың не екенін білмесек, ол туралы айтпай-ақ қояйықшы, — Марат аға маған өз-өзінен ұрса жөнелгендей көрінді.
Біртүрлі жабырқап қалдым.
— Оны қуаныш деп кім айтты? Бұл бізді жан-дүниемізбен қоса жұтып қоятын, өзімізді ұмыттыратын есірткі, — Марат аға махаббат дегенді жек көретін адамша зілденді.
— Махаббаттың ережесі жоқ. Оны жүрек шешеді, — деп жаттандылау сөзімді сенімсіз дауыспен айттым.
— Оның да жақсы көргенін қалап тұрасың, ал ол сені жақсы көрмесе ше? Сонда ол махаббат болудан қала ма? Содан кейін жүресің өміріңнің быт-шыты шығып. Қызусыз, жылусыз, сезімсіз бір тіршілік кешіп. Махаббат дегенді қорғау керек. Әйтпесе өліп қалады. Осы сен қалай ойлайсың, әлемнің тұңғыш қызы мен тұңғыш ұлында махаббат болды ма? — бетіме оқыстан сынай қарады.
Марат ағаның сұрақтарына жауап беретіндей деңгейде емес едім. Үндемей тұрмын.
— Бара бер! — деді түр-тұрпатыма онша көңілі толмай.
«Гүлнәз» газеттің екі нөміріне жарияланды. Бес-алды сөйлемді өзгертіп, үш-төрт жерге ой қосқаннан кейін өңі кіріп, шырайланып кеткені сондай, әңгімем сөйлеп тұрғандай әсер қалдырды. Өзімнің қабырғаларымның арасынан қанат шығып, қалықтап кеттім. Марат ағам жазуымның көтермешісі, көмекшісі болыпты. Бұл жолы алдына еркіндеу кірдім. Қызулау екен. Аудандағы мықты асаба. Тараздықтар да осы кісіге қолқа салғыш. Сондай жиын-тойдан келген беті ғой деймін.
— Жарайсың бала. Түріңе қарап шөп пен шөңгенің айналасындағылардан ұзамайтын біреу ғой деп жүрсем, аспаннан жауған нұрдың тамуын сезетін жаның сергек екен, — деді.
— Рахмет, аға! — дедім шын ықыластана. Әкем арақ ішетіндіктен, бөлмедегі иіске тыжырынып қалғанымды сездіріп қойдым.
— Өзіңе, жазуға адал бол! «Гүлнәзды» бүкіл аудан халқы оқиды. Кеше перзентханадан шыққан бір-екі сәбиге Гүлнәз деген есім бергеннің куәсі болдым, Арақты жеккөргенің де дұрыс. Бірақ бұл кез келген ауруға қарсы қолданатын әмбебап дәрі ғой. Миыңды тынықтырады, жүрегіңді жайландырады, ұйқыңды тыныштандырады. Ең жақсысы энергетикалық каналдар мен астралды қабаттарға шығуға жол ашады, менің өзгелерге ұқсамай жазатынымнан сыры да осында, — Марат ағам тағдырының өзгелерден артық жерін тапқандай қойқаңдап кетті. Толқыны тауға ұқсаған теңіздей болып шалқыды. Саңқылдап өлең оқыды. Буырқанып саясатты айтты. Осыдан кейін аға, ініге, ұстаз — шәкіртке айналдық.
Мен келер жылы оқуға түсіп, Алматыға аттандым. Оқуды бітіріп, қалада қалдық. Ауылға жолым түсіп, бара қалсам Марат ағаны сұраймын. Ешкім жөндемді жауап бермейді. Соңғы кездері араққа салынып, газеттен кетіп қалыпты. «Құмда пәленшенің қойын бағып жүр» деген ғана сыбыс естимін. Ондайда ақылым айран болады. Әріптестері сыртынан жұдырық көрсетіп, бірақ ойларын қағазға түсіруге қорқатын кезде Марат ағам облыстық газетке «Халық несібесімен жегендер ұшынады» деген мақала жазған. Бұл бұжыр сары, сабын жаққан терідей жылп-жылп еткен аудандағы мейманамы тасып жүрген үлкен басшылардың біріне үлкен соққы болыпты. Ақиқаттың форматы бұзылған кезең емес пе, айла-шарғысын асырып, сират көпірінен өткендей, үстіне шаң қондырмай, қайтадан кеуіп-пісіп шыға келіпті де, енді Марат ағаға тісін шындап қайрапты. Аудан көлемінде еш жерге жұмысқа алдырмапты. Талантты адамның тауаны осылай шағылыпты. Ішіндегі оты дертке айналыпты. Марат ағаны өзгелермен салыстырамын. Миы мен қаламы сақылдап істеп тұрған адамның жоғалып кетуі мүмкін бе? Не іздеді, іздегенін таба алмады ма? Жаны неге қиналды? Айналасын өзгерткісі келіп, оны өзгелерге түсіндіре алмағандықтан ба? Күші неге жетпей қалды? Нәзік жаны нені көтере алмай тарықты екен деген сұрақтарды арқалап Алматыға қайтатынмын
Арыстай арындап жүрген адамның тіленшілік тұрмысқа түскеніне жүрек сенбеді. Шынымен мені құшақтамақ болған Марат аға, Сізсіз бе?
Адамдардың жүрегі алыстағанда олар айқайлайды, жақындағанда сыбырлайды деуші едіңіз ғой. Адамдардан алыстап кеткеніңіз не?