Қоғам

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ ЖАҢА АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ӘДІСПЕН ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗІЛІП, 2000 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕР АНЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Сілбелітөбе 1 обалы қорымдарында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-нің Н.П.Подушкин атындағы археология орталығы және Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығы қызметкерлерімен бірлесе отырып, далалық қазба жұмыстарын жүргізді.

Археологиялық экспедиция жетекшісі т.ғ.д профессор А.Н.Подушкин тарихи-мәдени мұраларымызды қорғап әрі сақтап қалу мақсатында Түркістан өңірінде орналасқан Қаңлы кезеңіне тиесілі ескерткіштерді зерттеп, бірнеше жылдан бері қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

Қасқасу ауылы, Сілбелі шатқалындағы барлау жұмыстары барысында Сілбелітөбе 1 обалы қорымдарында жүйесіз 16 қорым, 600 метр шығысқа қарай Сілбелітөбе қонысы орналасқандығы анықталған болатын. Қорымдардың диаметрі 20 метр және биіктігі 2 метрге дейін жетеді. 2019 жылдан бері жүргізілген қазба жұмысы биыл жоспарға сәйкес №5,6 обаларға қазба жұмыстары жүргізілді. Обаның пішіні Т-тәрізді, дәліз тереңдігі үш метрге дейін төменге түскен және жерлеу орнының күмбезі бесікке ұқсас келген. Жерлеу орны б.з.д. I ғасырларға тән. Мұны ғалымдар Қаңлы мемлекетімен байланыстырады.

Қазба жұмыстары барысында №5 обадан бірнеше сүйек қалдықтары мен құмыраның бөліктері табылды. Кіре берісі 50-60 кг болатын  таспен жабылған, бірақ анықталғандай обаның өз заманында тоналғанын көруге болады. Ал №6 обада жүргізілген қазба жұмыстары барысында б.з.д. I ғ. – б.з. I ғ. жататын тұрмыстық жағдайда пайдаланған құмыра, сонымен қатар ағаштан жасалынған қорамсақ ішіне салынған 5 темір жебе ұштары анықталды. Бұдан бөлек  ауыздықты әсемдеу үшін қолданған тілшелі тоға, ауыздық және белдік, аяқ-киімнің айылбас тоғалары табылды.

Сілбелітөбе обалы қорымдарында және жалпы екі ашылған обаның бірегейлігі – археологиялық жасақта алғаш рет жоғарыдан қазба түсірмейтін әдісті қолданылып отыр. Олай жасалған себебі топырақ құрамы ақ сұр түсті қатып қалған цемент қоспасы сияқты берік саздан құралған. Сонымен қоса бұндай жерлеу орындарында сол замандағы пайдаланылған құрал сайманның ізі де сақталған. А.Н.Подушкиннің жетекшілігімен өткен биылғы археологиялық қазба жұмыстары нәтижелі болды. Алдағы уақыттарда қазба жұмыстары жоспарға сәйкес өз жалғасын таппақ.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close