ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАЛЕТ ӨНЕРІНІҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛІ ЭДУАРД МӘЛБЕКОВ ДҮНИЕДЕН ӨТТІ
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, көрнекті балет әртісі, хореограф, педагог әрі тәлімгер Эдуард Жабашұлы Мәлбеков дүниеден өтті.

Эдуард Мәлбеков саналы ғұмырын отандық өнердің өркендеуіне арнады. Оның есімі қазақ балет өнерінің қалыптасуы мен дамуы тарихында айрықша орын алады. Өнердегі ұзақ жылдық шығармашылық жолында ол кәсіби шеберлігімен дараланып, сахна мәдениетінің биік үлгісін қалыптастырды.
Балет әртісі ретінде Эдуард Жабашұлы классикалық және ұлттық репертуардағы күрделі партияларды жоғары деңгейде орындады. Ол «Спартак», «Бақшасарай бұрқағы», «Жизель», «Аққу көлі», «Дон Кихот», «Махаббат туралы аңыз», «Кармен-сюита» секілді әйгілі қойылымдарда басты рөлдерді сомдап, қазақ балет өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Сахнадағы кәсіби шеберлігімен қатар, Эдуард Мәлбеков хореографиялық білім беру саласының дамуына да елеулі үлес қосты. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып, бірнеше буын өнерпазды тәрбиеледі. Ол шәкірттеріне кәсіби білім берумен ғана шектелмей, сахна мәдениетін, еңбекқорлықты, жауапкершілікті және өнерге деген адалдықты бойына сіңіре білді.
Ұстаз қалыптастырған шығармашылық мектептен түлеп ұшқан көптеген шәкірт бүгінде Қазақстанда ғана емес, шетелде де отандық балет өнерін абыроймен танытып жүр. Бұл – Эдуард Мәлбековтің өнер саласына қалдырған мол мұрасының айқын көрінісі.
Өнердегі биік кәсіби шеберлігі, талапшылдығы, шығармашылыққа адалдығы мен шәкірттеріне деген қамқорлығы оны әріптестері мен өнерпаздар арасында ерекше құрметке бөледі. Ол ұлттық мәдениеттің дамуына өз үлесін қосып, кейінгі буынға өнегелі із қалдырды.
Эдуард Жабашұлы Мәлбековтің жарқын бейнесі, тағылымды ғұмыры мен өнерге сіңірген еңбегі туған-туыстарының, әріптестері мен шәкірттерінің, сондай-ақ барша өнерсүйер қауымның жадында мәңгі сақталады.



