Без рубрики

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ ЕРЖАН СӘДЕНОВ НЬЮ-ЙОРК ПОЛИЦИЯСЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ҚАЗАҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденов АҚШ-қа жұмыс сапары барысында Нью-Йорк полиция департаментінде (NYPD) қызмет атқарып жүрген этникалық қазақтармен кездесті.

Кездесу барысында тараптар отандастардың кәсіби қызметі, ұлттық болмысты сақтау, тарихи Отанмен байланысты нығайту және шетелдегі қазақ қауымдастығының қоғамдағы рөлі жөнінде пікір алмасты.

Министр Нью-Йорк сынды әлемдегі ең ірі мегаполистердің бірінде құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген қандастардың кәсіби жетістіктеріне жоғары баға берді. Оның айтуынша, шетелде табысты қызмет атқарып жүрген қазақтар өз еңбегі арқылы Қазақстанның абыройын асқақтатып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және халықаралық деңгейде елдің оң имиджін қалыптастыруға үлес қосып келеді.

Кездесу барысында Ержан Сәденов этникалық қазақтардың әлемдегі ең ірі полиция құрылымдарының бірінде қызмет етіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне атсалысуы олардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің айқын көрінісі екенін атап өтті.

Тараптар сондай-ақ тарихи Отанмен байланысты одан әрі нығайту, мәдени және рухани құндылықтарды сақтау, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдегі қазақ диаспорасы арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне тоқталды.

Кездесу жылы әрі ашық форматта өтіп, қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, болашақтағы өзара байланыстарды нығайтуға дайын екендіктерін жеткізді.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close