Роман Скляр ERG басшысы болуы мүмкін
Қазақстандағы ірі өнеркәсіптік компаниялардың бірі саналатын Eurasian Resources Group (ERG) холдингінде кадрлық өзгеріс болуы мүмкін. Financial Times басылымының мәліметінше, Роман Скляр ERG компаниясының жаңа басшысы болып тағайындалуы ықтимал.

Басылым компанияның ішкі құжаттарына сілтеме жасап, осы жұма күні директорлар кеңесі басшылық құрамдағы өзгерістерді талқылау үшін жиналатынын жазды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі — Роман Склярдың кандидатурасы. Әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Қазіргі уақытта ERG компаниясын Шухрат Ибрагимов басқарып отыр. Ол — холдингтің негізін қалаушылардың бірі болған Әлижан Ибрагимовтың ұлы.
ERG — Қазақстандағы ең ірі тау-кен және металлургия компанияларының бірі. Холдинг темір кені, алюминий, ферроқорытпа және көмір өндірумен айналысады. Компанияның активтері бірнеше елде орналасқан.
Роман Скляр бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Ол ұзақ жылдар бойы индустрия, инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларындағы мемлекеттік жобаларды басқарумен айналысты.
Әзірге ERG компаниясы да, Роман Скляр тарапынан да ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Алайда бұл ақпарат қазақстандық бизнес және саяси ортада қызу талқыланып жатыр.



