ТОҚАЕВ ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІН АТАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарының жаңа заң шығарушы органдағы міндеттеріне қатысты пікір білдірді.

Мемлекет басшысы алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тарихи маңызы зор екенін атап өтіп, Құрылтай жұмысына үлкен үміт артатынын жеткізді. Оның айтуынша, жаңа заң шығарушы орган елдің дамуына тың серпін беруге тиіс.
Президент Құрылтай сайлауында жаңа тұлғалар мен жаңа идеялардың пайда болғанын атап өтті. Әсіресе жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласуын маңызды деп санайтынын айтты.
«Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, Құрылтай депутаттарының ең басты міндеттерінің бірі – заңдардың сапасына жауап беру. Сонымен қатар депутаттар сайлауалды уәделері мен бағдарламаларын орындауға тиіс.
«Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезеңнің күрделі екенін айтып, елдің дамуы үшін қоғамның күш-жігерін біріктіру қажеттігін атап өтті.
Президент Қазақстан азаматтары үшін елден асқан Отан жоқ екенін айтып, туған мемлекетті озық әрі заманауи елге айналдыру жолында бірлескен жұмыстың маңызын жеткізді.
«Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек», – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, жаңа Конституция елдің одан әрі дамуына қажетті мүмкіндіктерді қалыптастырады. Президент Ата Заңды мазмұнды әрі озық құжат деп бағалап, оның әсіресе жас ұрпақ үшін маңызды бағыт-бағдар беретінін айтты.
«Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұсқайды. Келешегіміз – жастардың қолында. Оған күмән жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, Құрылтайдың жұмысы елдің саяси жүйесіндегі жаңа кезеңнің басталуымен қатар, заң шығару сапасына және депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігіне қойылатын талаптарды да күшейтеді.



