Без рубрики

ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ ҚХА ТӘЖІРИБЕСІН ЖАЛҒАСТЫРАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесін жаңа саяси жағдайда пайдалану және этномәдени бірлестіктердің қызметін қолдау мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Президент Қазақстан халқының бірлігін сақтау мен нығайтуды елдің орнықты дамуының маңызды шарттарының бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесі бұған дейін қалыптасқан қоғамдық институттардың сабақтастығын сақтап, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тиімді тәжірибесін жаңа деңгейде жалғастыруы қажет.

«Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе. Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы саяси реформалар аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының бұрынғы форматтағы жұмысы аяқталғанымен, оның жылдар бойы қалыптасқан тәжірибесі мен институционалдық мүмкіндіктері қажетсіз болып қалмайтынын айтты. Керісінше, этномәдени бірлестіктермен жұмыс істеуде қалыптасқан тиімді тетіктер Қазақстан Халық Кеңесінің қызметінде пайдаланылмақ.

Президенттің сөзінше, Ассамблеяның бірегей тәжірибесі ел тарихында сақталып қана қоймай, жаңа институттың жұмысына негіз болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдегі тұрақсыздық жағдайында Қазақстандағы этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірліктің маңызы арта түсетінін атап өтті. Оның пікірінше, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісім еліміздің орнықты дамуының маңызды негіздерінің бірі болып қала береді.

Осыған байланысты мемлекет этномәдени орталықтарға, театрларға және бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсетуді жалғастырады. Президент мұны мемлекеттің конституциялық міндеті ретінде атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ортақ мәдени мұраны сақтау мәселесіне ерекше мән берді. Оның айтуынша, тарихи және мәдени құндылықтар мемлекеттік шекаралармен шектелмеуі тиіс. Осы ретте Семейдегі Федор Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде басталған реконструкция жұмыстары мысал ретінде айтылды. Жоба демеушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Президент алдағы уақытта еліміздегі басқа да тарихи ескерткіштер мен музейлерді қалпына келтіру және олардың жағдайын жақсарту қажеттігін айтты. Бұл іске қоғамның ауқатты азаматтары мен кәсіпкерлері де белсенді атсалысуы керек екенін жеткізді.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев медиация институтын дамыту қажеттігіне тоқталды. Оның сөзінше, даулар мен жанжалдардың алдын алуда медиацияның мүмкіндігі мол. Бұл тетік қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ете алады.

Мемлекет басшысы жастар және спорт ұйымдарының, еріктілер қозғалысының, қайырымдылық қорларының, Аналар мен Ақсақалдар кеңестерінің жұмысын жаңа деңгейге көтеруді де маңызды міндеттердің бірі ретінде атады.

Президент сөзінде бірнеше жыл бұрын болған ірі су тасқыны кезінде этномәдени бірлестіктер өкілдерінің көрсеткен көмегін де атап өтті. Сол кезеңде түрлі этнос өкілдері зардап шеккен өңірлерге барып, қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай азаматтық белсенділік пен жанашырлықтың кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, ел бірлігі мен жасампаз отаншылдықты көрсететін осындай тарихи сәттерді фото және бейнематериалдар арқылы сақтап, қоғамдық жадыда қалдыру маңызды.

Президент жаңартылған саяси жүйеде Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи рөлі төмендемейтінін, керісінше жаңа мазмұнмен жалғасатынын атап өтті.

Жаңа саяси жүйеде этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне де кең мүмкіндік беріліп отыр. Мемлекет басшысының айтуынша, бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы бойынша Сенатқа бес өкіл ғана сайланса, енді Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктерден 42 өкіл кірді. Бұл Кеңес мүшелерінің шамамен үштен бірін құрайды.

Президент мұны этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісім мен елдің орнықты дамуына қосатын үлесінің маңызды көрсеткіші ретінде атады.

Ендігі міндет – қалыптасқан тәжірибені сақтай отырып, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтудың жаңа тәсілдерін әзірлеу. Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесі осы бағыттағы жаңа тұжырымдаманы қалыптастыратын негізгі алаңдардың біріне айнала алатынын айтты.

«Халық Кеңесі этномәдени бірлестіктер мен осы салада қызмет ететін басқа да қоғамдық ұйымдарды бір мақсатқа біріктіруі керек», – деді Президент.

Өңірлердегі қоғамдық келісім инфрақұрылымы да жұмысын жалғастырады. Достық үйлері жанындағы «Қоғамдық келісім» желісі сақталып, этномәдени бірлестіктердің өкілдері жергілікті қоғамдық кеңестердің жұмысына қатыса алады. Сонымен қатар олар Қазақстан Халық Кеңесінің тұрақты комитеттері, салалық комиссиялары және консультативтік-кеңесші органдары құрамындағы жұмыстарға да атсалыса алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мүмкіндіктермен бірге үлкен жауапкершілік те жүктелетінін ескертті. Оның айтуынша, қазіргі таңда қоғам алдында шешімін талап ететін мәселелер аз емес. Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесінің алдында этносаралық келісімді нығайту, қоғамдық бірлікті сақтау, мәдени мұраны дәріптеу және азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын күшейту секілді маңызды міндеттер тұр.

Жаңа институттың жұмысы осы бағыттарды бір арнаға тоғыстырып, қоғамдағы келісім мен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталмақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close