ТОҚАЕВ МӘСЛИХАТТАРДЫҢ ӨКІЛЕТТІГІН МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ТОҚТАТУДЫ ҰСЫНДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасатынын айтып, барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін көтерді.

Президенттің айтуынша, қазіргі кезеңде жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізу қажеттілігі туындап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституция мен қолданыстағы заңдарда белгіленген мерзімге дейін сақталатынын атап өтті. Алайда депутаттардың басым бөлігі бұрын «Amanat» партиясының атынан сайланған.
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта бұл саяси ұйымның «Әділет» партиясына қосылып, қызметін тоқтатқанын айтты. Тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталғаннан кейін мәслихат депутаттарының басым бөлігінің өкілеттігіне қатысты құқықтық мәселе туындауы мүмкін.
Президент жергілікті мәслихаттардың қоғам өміріндегі маңызды рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, депутаттар өңір тұрғындарының мүддесін білдіреді, жергілікті бюджеттерді бекітеді және елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдер қабылдауға қатысады.
«Демек, өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін талқылайтынын мәлімдеді.
Президент тиісті консультациялардан кейін осыған қатысты Жарлыққа қол қоятынын айтты. Ал Орталық сайлау комиссиясы жаңа мәслихаттар сайлауының нақты күнін жариялауы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы сайлау жергілікті өкілді органдардың кәсіби әрі білікті құрамын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді», – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа мәслихаттар сайлауының сапалы әрі жоғары деңгейде өтуіне Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері де өз үлесін қосады деген сенім білдірді.



