ТҮРКИЯ СОТЫ БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІЗДЕУГЕ ЖАРИЯЛАУ ТУРАЛЫ ҚАУЛЫ ШЫҒАРДЫ
Түркияның Стамбұл қаласындағы сот Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды халықаралық іздеуге жариялау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.

Басылымдардың мәліметінше, Стамбұлдың 11-қылмыстық сотында «Сумуд» («Табандылық») жаһандық флотилиясының ұсталуына қатысты талап-арыз қаралған. Істі қараған судьялар алқасы Нетаньяхуды Интерполдың «Қызыл хабарламасы» (Red Notice) тетігі арқылы халықаралық іздеуге жариялау жөнінде қаулы шығарған.
«Қызыл хабарлама» – Интерполға мүше елдерге іздеуде жүрген адамды анықтап, уақытша ұстау туралы хабарлама жолдауға мүмкіндік беретін халықаралық механизм. Алайда мұндай хабарлама автоматты түрде экстрадициялау немесе қамауға алу туралы міндетті шешім болып саналмайды. Соңғы шешімді әр мемлекеттің ұлттық заңнамасы мен құзырлы органдары қабылдайды.
Әзірге Түркия сотының бұл қаулысына қатысты Израиль билігі мен Интерпол тарапынан ресми мәлімдеме жарияланған жоқ. Істің алдағы құқықтық тағдыры халықаралық ұйымдардың шешімдері мен қатысушы мемлекеттердің ұстанымына байланысты болмақ.



