Қоғам

ҚҰЛ САУДАСЫ

Құл саудасы! Бұл үрейлі сөздің не сөз екендігі және оның адамзат тілінде орны болмауға тиістігі жұртқа мәлім!

Мұхиттың ар жағында отар елдері бар европалық ұлттар, мына сияқты масқаралық адам саудасынан мол пайда түсіріп, бұл саудамен ұзақ уақыт шұғылдануда. Құл саудасына тыйым салынғанына көп болды, дегенмен көп жерлерде етек алып, әсіресе Орталық Африкада күні бүгінге дейін77 дәуір сүруде.

Оның үстіне XIX ғасырдың орта кезінде өздерін мәдениеттіміз деп атайтын кейбір мемлекеттер адам саудасына тыйым салу жөніндегі актіге қолдарын қоюдан бас тартты.

Көп адамдар, құл саудасына, былай айтқанда адамды сатуға немесе сатып алуға әлдеқашан тыйым салынған деп шамалайды. Дұрыс емес! Біздің заманымызда, жер шарының бір бөлегін қаңыратып елсіз қалдыру қаупін төндіріп адам аулау ісінің қалай жүргізілгенін осы кітаптың екінші бөлімінде әңгіме етеміз. Бірсыпыра отар елдерге тегін жұмыскер күшін жеткізу үшін нендей айуандық шабуылдар жасалғанын, шапқыншылық кезінде бір қыстақтың түгелдей өртеніп күлі көкке ұшқанын, қаншама қан төгілгенін және одан пайда түсіргенін оқушылар нақты түсіне алады.

Негрлерден адам ұстап алып соларды сатып сауда ету XV ғасырда басталған. Ол сұмдық мына жағдайдан шыққан: Испаниядан қуғын көрген маврлар бұғаздың78 арғы бетіне — Африка жағалауына барып мекендейді. Ол уақытта бұл жағалауды португалдар билейтін-ді, олар қашып барған маврларға орасан қатты қысым көрсеткен. Қудалаушылар қашқындардың бірсыпырасын қолға түсіріп, Португалияға қайта апарған. Тұтқындар құлға айналады. Бұлар біздің жыл санауымыз басталған соң Батыс Европадағы алғашқы африкандық құлдар еді.

Бірақ тұтқын маврлардың көпшілігі ауқатты адамдарды, бұлардың дәулетті туыстары өздерінің тұтқын бауырларын сатып алуға әрекет жасап, португалдарға толып жатқан алтындар тыққылайды. Бірақ португалдар шетел алтындарын қайда апармақ? Оларға, жаңа өсіп келе жатқан отар елдерінде жұмыс істеу үшін жұмыскер күші керек. Қысқасын айтқанда, Португалияға алтын емес, құл керек болды.

Тұтқындағы туыстарын сатып ала алмасына көздері жеткен маврлар, енді африкалық негрлерге айырбас жасауды ұсынады, маврлар үшін негрлерді қолға түсіру қиын емес, бір тұтқын маврға бірнеше негр берулері керек. Бұл ұсыныс португалдарға тиімді еді, сондықтан олар бұл ұсынысты қабылдады. Сөйтіп, Европадағы құл саудасының басы осылай басталған.

XVI ғасырдың ақырында бұл жексұрын сауда орасан зор етек алды. Тіптен сол уақыттағы әулиесінген адамдардың өздері де бұл істі күнә деп есептемейді. Өздерінің Жаңа дүниедегі шалғай жатқан иеліктерін отарға тез айналдырудың бірден-бір құралы екенін біліп, бүкіл мемлекет болып құл саудасына қамқорлық жасады.

Европалықтар көндіге алмай мың-мыңдап қырылып жатқан тропиктік ыстықтарға төзіп қара құлдар жұмыс істеді. Сондықтан да арнаулы кемелер үздіксіз қатынап, американ отарларына топ-тобымен негр — құлдар тасумен болды. Халықаралық адам саудасы ұлғая түсті, көп кешікпей африкалық жағалауларда агенттер пайда болды. «Товар» өз жерінде өте арзан және қыруар пайда келтірді.

Адал ниетті адамдардың көбісі адам саудасына наразылық жариялап, үн көтерді. Олар европалық үкіметтерден негр саудасына тыйым салатын заң шығаруды адамгершілік атынан талап етті.

1751 жылғы аболиционистік79 қозғалысты квакерлер80 бастады. Бұл уақиға Солтүстік Американың өзінде, Оңтүстікті Солтүстік американ одағынан бөлу жөніндегі көтерілген соғыстан жүз жыл кейін болған, негрлерге бостандық беру мәселесі де ол соғыстың басталуына сылтау болып еді.

Американың солтүстігіндегі төрт штаты — Виргиния, Коннектикут, Массачузетс, Пенсильвания — құлдық жойылды деп жариялап, өздерінің қара нәсілді еріксіздеріне бостандық берді.

Квакерлер бастаған қозғалыс Жаңа дүниенің солтүстік бірнеше штаттарын қамтып қана қоймай, Атлант мұхитының арғы бетіне де әсерін тигізді, әсіресе Англия мен Францияда құлдықты жақтаушыларға қарсы шабуыл күшейді.

1807 жылы Англия өз отарларына құл саудасына тыйым салды. Франция Англиядан үлгі алып, 1814 жылы құл саудасын жойып заң шығарды. Құдіретті екі ұлт өзара келісіп шарт жасасып оны Жүз күн дәурен81 кезінде Наполеон бекіткен-ді.

Бірақ та бұл шарт орындалған жоқ. Құл саудагерлерінің кемелері теңіз бетін тоқтаусыз шарлап қатынай берді, олар «қара ағаш» деп аталған жүктерін апарып отар елдердің порттарына түсіре берді.

Бұл зұлымдықты жеңу үшін басқаша бір шешуші шара қолдану керек болды. Құрама Штаттар 1820 жылы, Англия 1824 жылы құл саудасын пираттыққа теңеп, пираттарға қолданылған жаза құл саудасымен шұғылданған саудагерлерге де қолданылады деп жариялады. Демек құл саудасымен қолға түскендер тоқтаусыз өлім жазасына тартылады деген сөз. Бұл шартқа көп кешікпей Франция да қосылды. Бірақ оңтүстік американ штаттарының, Испания мен Португалияның отарлары құл саудасын тыю жөніндегі шартқа қол қоюдан бас тартты. Олар кемелерді «бақылау правосы» халықаралық право болып танылғанына қарамастан, қара нәсілді еріксіздер саудасын тоқтатпай жүргізе берді. Демек, бұл бақылаудың бітіретін жұмысы, әдеттегіше, сезікті кемелердің документтерін тексеруден әрі аспайтын болды.

Жаңа заңның күші тек жаңадан құл иемденушілерге ғана жетті. Өйткені жаңа заң жаңадан құл иемденуді ғана тыйды, ал бұрынғы құлдарға бостандық бермеген-ді. Ескі құлдар бұрынғы құл күйінде қала берді.

Ақырында Британияға қарасты отар елдердегі бүкіл негр біткенді азат ету туралы 1833 жылы 14 майда заң шығарылды, сөйтіп 1838 жылдың август айында алты жүз жетпіс мың қара нәсілді еріксіздер бостандық алды.

Арада он жыл өткен соң 1848 жылы француз республикасы өзіне қарасты отар елдердегі негрлерге азаттық беріп, небәрі екі жүз алпыс мың құл азат болды.

Америка Құрама Штаттарының президенті Линкольн 1862 жылы барлық жердегі негрлерге бостандық беру туралы заң шығарды, оңтүстіктегілер арасындағы соғыс аяқталған соң, Солтүстік Америкадағы бүкіл негрлер азаттық алып, еркін халық қатарына қосылды.

Құл саудасы осы күні Испания мен Португалияға қарасты отар елдерде, шығыста, түрік пен арапта ғана82 бар. Бразилия өзінің ескі құлдарына азаттық бермеді, бірақ жаңадан құл сатып алып иемденуге тыйым салды, құл негрлерден ендігі туған балалар азат болып, еркін халық қатарына енетін болды.

Африканың ішкі өлкелерінде қан төгіскен соғыс тоқтаған емес. Жергілікті халықтың көсемдері адам аулау кәсібін тоқтатпастан жүргізе берді, өзара соғыстың нәтижесінде бүтіндей бір рулы ел құлдыққа айналып жүрді.

Еріксіздер тиелген кеме керуені екі жаққа бірдей ұдайы ерсілі-қарсылы ағылды да жатты. Бірінші керуеннің жолы батысқа, Португалия отары Анголға қарай бет алса, екінші керуеннің жолы шығысқа, Мозамбикке қарай тартатын. Керуеннің жетіп тоқтайтын жеріне бақытсыздыққа ұшыраған еріксіздердің шамалы ғана тобы тірі жетіп жүрді. Ол арасын еріксіздердің кейбіреулерін Куба аралына, біреулерін Мадагаскарға, енді біреулерін арабтың немесе түріктің Азиядағы провинциясы Меккеге немесе Маскатқа жөнелтіп тұрды.

Күзетші кемелер бұл саудаға кедергі бола алмады: ұзыннан-ұзақ көсіліп жатқан теңіз жағалауын қырағы бақылауды жолға қою қиынға соқты.

Адамның аза бойы тік тұратын амад экспорты саудасының өрісі соншалықты кең болғаны ма? — деген сауал туады.

Ие, өте кең! Шағындап айтқанда жағалауға ең кемі сексен мың құл түсіріледі, бұларды тек ұрып-соғудан тірі қалған оннан бір бөлегі ғана деуге болады.

Жан түршігерлік адам қасабы болған жерде тапталып қыртысы айналған жермен, қирап, өртеніп түтіні аспанға будақтап жатқан иесіз қыстақты ғана көресіз. Адам денелері өзен бетінде қалқып ағып бара жатады, иесіз қалған жерді жабайы аңдар иеленеді.

Ливингстон, қан төгіп адам аулаушылардың ізімен келе жатып, бұдан бірнеше ай бұрын өзі келіп кеткен провинцияны танымай қалыпты. Оның бұл көргендерін басқа саяхатшылар да дұрыстайды. Орталық Африканың орманды тауларындағы адам аулаудың бас аренасы болған аудандарды аралаған Грант, Спик, Бертон, Камерон мен Стенли де осындай сұмдықтарды өз көздерімен көрген.

Үлкен Көл өлкесіндегі аудандардың да сиқы осындай, құлдыққа сату үшін адам аулап шапқыншылық жасап қырып-жоюдың нәтижесінде кең байтақ өлкенің адамы таусылып, қаңырап қалған аудандары да бар, онда көз тартарлық бірде бір қыстақ жоқ, бұл өлке Занзибар базарына, Кук пен Феццанға, оңтүстіктегі Ньяссаға, Замбези жағалауларына, батыстағы Заирдың жоғарғы аудандарына «қара товарлар» жеткізіп тұрады. Стенли бұл жерлерден талай рет жүріп өткен болатын-ды.

Құл саудасы, Африкада қара нәсілдер тұқымы біткенде ғана жойыла ма? Австралияның жергілікті халқы83 душар болған тағдырға, шынымен-ақ африкалық негрлер де ұшырай ма?

Үстіміздегі он тоғызыншы ғасырдың төрттен үш бөлегі өткен шақта да адам саудасы кеміген жоқ, қайта өрши түсуде.

Африкада адам саудасына бүйрегі бұрып, жол беріп отырған ондағы Европа мемлекеттері өкілдерінің арсыздығы туралы үндемей отыра беру мүмкін емес. Олар бұл сұмдықты ашықтан-ашық өздері жасап отыр. Бақылаушы кемелер Атлант мұхиты мен Индия мұхитының африкалық жағалауын ұзына бойға кезіп жүргенде ел ішіндегі адам саудасы европалық чиновниктердің көз алдында емін-еркін өрістей берді. Бұл жерден еріксіздер тиелген кеме керуендері бірінің соңынан бірі ағылып кетіп жатады, адам қасабы алдын ала белгіленген мерзім бойынша жүргізіліп, қырғын үстінде әрбір он негрдің біреуін құлдыққа көндіру үшін тоғызы өлтіріледі.

Бұл жағдай Африкада осы күні де бар.

Енді Диктің соншама үрейлене айқайлап:

— Африка! Экваторлық Африка! Африка құл саудасы мен еріксіздер елі! — деп неліктен айтқаны толығынан түсінікті болар.

Бала жігіт қателескен жоқ-ты.

Бұл жер шынында да Диктің өзіне де, оның жолдастарына да сан жеткісіз қауіп-қатер төндірген үрейлі Африка еді.

Бірақ та жұмбақ жағдай бұларды осы континенттің қай бөлегіне әкеліп тастады? Батыс жағы екендігінде күмән жоқ, жағдай қиынға айналды. «Пилигримнің» апатқа ұшыраған жері Ангола жағалауы, экваторлық Африканың ішкі өлкелерінен шыққан құл саудагерлерінің керуендері осы арадан өтеді.

Шынында да бұл Ангола жағалауы, бірнеше жылды сарп етіп Камерон оңтүстікке, Стенли солтүстікке қарай адам айтқысыз қиыншылықпен өткен Африканың ең қайырсыз жері еді. Бенгуэлли, Конго, Ангола — үш провинцияны қамтыған бұл байтақ жердің ол кезде зерттелгені тек теңіз жағалауы ғана. Бұл алқаптың оңтүстік жағы Кунен өзенінен басталып, солтүстік жағы Заирға барып ұштасатын. Бұл жағалауда халық мекендеген аса маңызды екі-ақ пункт бар, бұлар кеме тоқтайтын порт болып саналады. Мұның бірі Бенгуэлла, екіншісі Сан-Паоло де-Лоанд. Соңғысы Португалияға тәуелді отар елдің астанасы. Материктің экваторлық бөлімінің ішкі өлкелері ол кезде зерттелмеді деуге боларлық еді. Бұл араның ішкі аудандарына баруға тәуекел еткен саяхатшылар кем де кем. Ол әрі сыз, әрі ыстық, безгек ауруының етек алған жері; онда сол жақтың жабайы халықтары мекендейді, бұлардың бірсыпырасы осы күнге дейін кісі етін жейді, ондағы өзара ру соғысы ешқашан тыйылған емес, Экваторлық Африканың аса қауіпті өлкелерінің бірі Анголаның түрі міне осындай-ды.

Тюккей деген бір саяхатшы 1816 жылы Иеллала сарқырамасының аржағындағы Конго өзенін жоғары өрлеп жүрген. Бірақ ол екі жүз мильден әрі бара алмаған. Бұл шағын экспедицияның ол елді әбден зерттеуге мүмкіндігі болмады, оның үстіне бұл сапарда көп адамдарынан айрылды.

Содан кейін отыз жеті жылдан соң доктор Ливингстон Ізгі Үміт мүйісінен шығып Замбези өзенінің басына дейін барыпты. 1853 жылы ноябрь айында ол арадан шығып, ешкімнің қолынан келмейтін асқан батылдық етіп, Африканы оңтүстігінен солтүстік батысына қарай кесіп өткен, сөйтіп Конго өзенінің бір тарауы Куанго өзенінен өтіп, 1854 жылы 31 майда Сан-Паоло де-Лоандка келген. Португалия отарының кең байтақ зерттелмеген жеріне Ливингстон алғаш рет қадам басты.

Арада он сегіз жыл өткен соң екі ержүрек саяхатшы Африканы шығыстан батысқа қарай кесіп өткен. Олар құлақ естіп көз көрмеген кедергілерді жеңе отырып, екеуі де Ангола жағалауына шыққан (біреуі Анголаның оңтүстігінен, екіншісі солтүстігінен).

Бұл арамен тұңғыш рет ағылшын флотының лейтенанты Верней Камерон жүріп өткен. 1872 жылы Ливингстонды іздете жіберілген американ Стенлидің отряды Үлкен Көл өлкесінде апат болыпты деген болжал хабар таралады. Лейтенант Камерон, Стенлидің соңынан барамын деп өзі тілек білдіреді. Оның тілегі қабыл алынған. Камерон Занлибардан шығып жол тартады.

Доктор Дильон, лейтенант Сесиль Мерфи, Ливингстонның Роберт Моффа деген бір немересі Камеронмен бірге аттанады.

Угогодан өте бергенде, Ливингстонның сүйегін әкеле жатқан адамдар бұларға қарсы ұшырайды, өзінің адал ниетті қызметкерлері Ливингстонның сүйегін шығыс жағалауға әкеле жатыр екен.

Сонда да болса Камерон бет алған сапарынан қайтпай ілгері қарай жүре берген. Оның көздеген мақсаты, қайткен күнде де мұхиттан мұхитқа бару үшін материкті кесіп өту еді. Унианслиб, Угунда арқылы жүріп Какуэлге жетіп, Ливингстонның күнделік дәптерін тауыпты.

Камерон Танганьика көлін кесіп өтіп, Бамбар тауынан асып Луалаба өзенінен де өткен. Сосын ол жуықта ғана болып кеткен құл саудагерлерінің шабуылы нәтижесінде, адамдары қырылып иесіз қалған Килембу, Уруа, Ломанның жоғарғы жағы, Улуд пен Ловал өлкелеріне барды. Гэрристің Дик Сэнд пен оның жолдастарың адастырып апарған Куанзаның ит мұрны өткісіз қалың орманын да кесіп өтті ол. Сөйтіп, жігерлі лейтенант ақырында Атлант мұхитының толқынын да көрді. Занзибардан шығып Бенгуэлладағы Сан-Филиппеге жету үшін үш жыл төрт айға созылған ұзақ сапар Камеронның екі жолдасы — доктор Дильон мен Роберт Маффаның басын жұтты.

Американ Генри Стенли көп кешікпей жаңалық ашуды ағылшын Камеронның орнын басты. Ливингстонды іздеп шыққан Американың «Нью-Йорк Геральд» газетінің бұл ержүрек тілшісі іздеген адамын 1871 жылы 30 октябрьде Танганьика көлінің жағалауындағы Уджуджиден тапқаны мәлім. Стенли Луалаба жағалауын толық зерттеуді бірнеше жыл кейінге қалдыруға ұйғарып, бұл сапарында тек үстіртін ғана танысып өтуіне тура келді. Стенли 1874 жылы Багамодан шығып, шығыс жағалауға енді ғана бет алған кезде, Камерон Орталық Африканың ну ормандарының бірсыпырасын аралап та үлгірген-ді. Сосын бір жыл тоғыз айдан кейін 1876 жылы 24 августа, халқы шешектен қырылып иесіз қалған Уджуджиден шығып, жетпіс төрт күн жол жүрген соң, өзінен бұрын Ливингстон мен Камерон соғып өткен жерге, еріксіздер базарының ең зоры Ньянгвиге жеткен.

Стенли Ньянгвиде болған кезінде Занзибар сұлтанының отряды Марунгу мен Маниуэм өлкелеріне жасаған қырғын шапқыншылығын өз көзімен көрген.

Стенли осы арадан Луалаба өзенінің жағалауын зерттеп, өзеннің сағасына дейін баруға ұйғарған. Стенлидің экспедициясында Ньянгвиден жалдап алған 140 адам жүк көтеруші және он тоғыз қайық барды. Оның отряды қадам басып шығысымен-ақ Оугусудың адам жегіш жабайыларымен шайқасып қалған. Өзеннің адам өте алмайтын жерлерінен айналып өтетін шақтарда қайықтарын сүйреп жүрген. Экваторда, Луалабаның солтүстік-шығысқа қарай бұрылған жерінде, елу төрт қайыққа лық тола тиелген жергілікті халықтар Стенлидің кішкене флотына бас салып шабуыл жасайды. Бірақ ержүрек зерттеуші дұшпанының шабуылына тойтарыс беріп, оларды қашуға мәжбүр еткен.

Сосын Стенли солтүстік ендіктің екінші градусына дейін өрлеп, Луалаба — Заирдың бас жағы, былай айтқанда Конго сияқты өзен екенін, Луалабаны бойлай жүрсе мұхитқа шығуға болатынын анықтайды. Стенли осы жолды өзі қалап алды. Оған жолшыбай күн сайын дерлік, жағалау халқының шабуылына тойтарыс беріп отыруына тура келді. 1877 жылы июньнің үші күні Массастың екі беті шың таспен қыспақталған жерлерден өткен кезде, Стенлидің бір жолдасы қаза тапты. Июньнің он сегізі күні Стенлидің қайығын ағыс айдап апарып тұп-тура Мбело сарқырамасына түсіреді, Стенлидің өзі өлім тырнағынан әрең құтылған.

Генри Стенли ақырында августың алтысы күні мұхит жағалауынан төрт күндік жердегі Ни-Санд қыстағына жетеді. Ол екі күннен соң Банца-Мбукске барған. Бұл арада экспедицияға жіберілген азық-түлік, қару-жарақтар күтіп жатқан-ды. Ақыр соңында Стенлидің экспедициясы теңіз жағалауындағы Бома деген бір кішкене ғана қаласымаққа тоқтап дем алуға ұйғарады. Африка материгін кесіп өту сапарындағы қиыншылық уылжыған жас жігітті жасына жеткізбей-ақ қартайтып жіберді (ол әлі отыз беске де жетпеген-ді). Бұл сапар Стенлидің екі жыл тоғыз ай уақытын алды, бірақ Луалаба өзенін сағасына дейін зерттеп шықты. Енді Африканың солтүстігіндегі бас күре тамыры Ниль дариясымен, шығыс жағындағы суының молдығы мен арна кеңдігі жағынан дүние жүзінде екінші орын алатын ұзындығы төрт мың екі жүз километр Луалаба өзені барлығы анықталды. Бұл өзен жер ыңғайына қарай Луалаба, Заир, Конго деп түрліше аталады да, Үлкен Көл аймағын Атлант мұхитымен ұштастырады.

Стенли мен Камеронның экспедициясы Анголаның солтүстігі мен оңтүстік шекарасын бойлай жүрді. «Пилигрим» мұхитқа ұшыраған уақытта, яғни 1873 жылы бұл өлкенің жері әлі зерттелмеді деуге боларлық еді. Бар болғаны батыс жақтағы еріксіздер базарының ең үлкені Ангола, құл саудасының орталықтары Вихо, Кассанго мен Казонде ғана екені мәлім болған.

Сөйтіп, американ Гэррис Дикті және қиын жағдайға көндікпеген жас әйелді, бейшара ананың безгектен өлгелі жүрген бөбегін көрген бойда-ақ құл саудагерінің ашкөздік аранын ашатын бес негрді мұхит жағалауынан жүз миль алыстатып, үңірейген көрдей боп қурап жатқан жерге адастырып әкелген-ді.

Иә, бұл Оңтүстік Америка емес, Африка, егер апатқа ұшырағандар Оңтүстік Америкада болса, оларға жергілікті халықтар да, жабайы аңдар да тіптен ayа райы да қорқынышты қауіп төндіре алмас еді, мұхит жағалауы мен Анд бөктерінің аралығында сансыз халық орналасқан шұрайлы жер жұмағы бар, оған кез болған әрбір саяхатшы тоқтап дем аларлық жай таба алады. Апатқа ұшырағандар Перу мен Боливияның бұл сияқты тамаша жерінен өте алыстап кетті, егер арам ниетті сұмның қолы кеме бағытын басқа жаққа бұрмаған болса, «Пилигримді» дауыл айдап сол меймандос жерге апарып тастауы сөзсіз еді.

Бірақ «Пилигримнің» келіп жығылған жері Африка. Бұл нағыз үрейлі Анголаның өзі, оның қараңғы түкпіріне, құл айдаушылардың шыбыртқылары шартылдап құлдар керуені шұбырып жатқан үрейлі жеріне, тіптен Португалия өкіметінің отаршылдары да барып көрмеген.

Негороның опасыздығы еріксіз айдап келтірген бұл жер туралы Дик Сэнд не біледі? Оның білетіні өте аз. Ол XVI— XVII ғасырлардағы миссионерлердің84 жазып қалдырғандарын оқыған, Сан-Паоло де-Лоандтан шығып Заирды бойлай жүрген португал саудагерлерінің саяхаттары туралы оқыған. Ақырында доктор Ливингстонның 1853 жылғы зерттеу сапарына жазған есепті баяндамасымен танысқан. Жүрексіз қорқақ адамдардың үрейін алуға осы сияқты аз мәліметтің өзі-ақ жеткілікті.

Шынында да жағдай өте нашар еді.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close