ҚҰРМАНБЕК ЖАНДАРБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМДАР САХНАЛАНДЫ
Түркістан облысы мәдениет басқармасының Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының жылдық жоспарына сәйкес Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қаңбақ шал» балаларға арналған ертегісінің премьерасы өтті.
Қоюшы режиссері, театрдың көркемдік жетекшісі – Ғалымжан Қаппаров. Бұдан бөлек Жетісай драма театрында көркемдік кеңестің шешімімен жоспардан тыс, аудандық мектеп және бақша басшыларының сұрауы бойынша М.Супониннің «Сотқар теке» балаларға арналған ертегісі де көрерменге жол тартты. Қоюшы режиссері – Жанар Ябаева.
Алғашқы ертегіде терең әпсана бар. Әлсіздің әлдіге қарсы күресі баяндалады. Қолынан жайпау қасиеті басым үш дәу Диюмен, сонымен қатар кез келгенді алдап, азығын жеп кететін түлкі және әлжуаз, қалбалақтаған, желдің екпінімен еріксіз аспанға жұқа қағаздай ұша жөнелетін Қаңбақ шал мен оның тілалғыш кемпірі кейіпкер болып, қызықтыра түседі. Қаңбақ шал шешендігімен, айлалығымен үш Диюдың көзін ашқандай боп, керісінше түлкіні оларға жау көрсетеді. Оқиға қызықты әрі көңілді өрбиді.
Келесі ертегіде негізгі кейіпкерлер шал, кемпір, Айкенай (немере қыз), Шариктің (күшік) Сотқар текемен арасындағы қарым-қатынасы баяндалады. Сотқар теке өтірік айтып, жұрттың бәрін бір-бірімен ұрыстырып қояды. Бірақ оқиғаның соңында осы әрекеттерінен опық жеп, қатты өкінеді. Шал мен кемпірден кешірім сұрап енді жаман әдетін қайталамайтынын айтып жалынады. Шал текеге кешірім беріп, содан соң барлығы тату-тәтті өмір сүреді.