«TURKESTAN» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫ ҚАЛА ДАМУЫНА ОҢ ӘСЕР БЕРЕДІ
Естеріңізде болар, облыс орталығы ауыстырылған сәтте екі бірдей маңызды құжатқа – Түркістан қаласын дамыту тұжырымдамасына және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойылды.
Қос құжатты қабылдаудағы мақсат – Түркістан қаласын жедел дамытып, қаланың туристік әлеуетін арттыру және жалпы түркі әлемінің рухани астанасын одан әрі қалыптастыру болды. Аз ғана уақыт ішінде аталмыш арнайы экономикалық аймақта көптеген жұмыстар атқарылды. Осылардың бірқатарына тоқтала кетсек…
Айта кетейік, «Turkistan» арнайы экономикалық аймақтың аумағы 3987,39 га құрайды. 6 қосалқы аймақтан тұрады. Оның ішінде, тарихи орталыққа – 861,75 га, әкімшілік-іскерлік орталыққа – 1578,64 га, Оранғай ауылында орналасқан Greenfield-қа – 365 га, Кентау қаласындағы Brownfield өнеркәсіптік қосалқы аймағына – 35 га, Түркістан қаласындағы Brownfield өнеркәсіптік қосалқы аймағына 180 га, әуежайға 967 га жер берілген.
Тарихи-мәдени орталық Түркістан қаласының басты жәдігері болып табылады. Ол Түркі халықтары арасында маңызы жоғары құндылықтардың бірі және «екінші Мекке» аталып кеткен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағын қамтиды. Онда шетелдік және отандық туристердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында көптеген қонақүй кешендері, «Қожа Ахмет Ясауи музейі», «Ұлы дала елі», «Шығыс моншасы», «Визит орталығы» сондай-ақ, халықаралық маңызы бар «Керуен Сарайы» көп салалы туристік кешенінің және басқа да туристік нысандардың құрылыстары жүргізілуде. Іске асырылып жатқан жобалардың нәтижесінде Түркістан қаласына келетін туристер санын 2024 жылға дейін 5 миллионға жеткізу жоспарланған.
Әкімшілік-іскерлік орталық Түркістан қаласының жаңа іскерлік ауданы болып саналады. Аталған аймақта заманауи соңғы үлгідегі үлгідегі ғимарат мен тұрғын үй кешендері, «Көп бейінді аурухана құрылысы», «Олимпиадалық резерв дайындау кешені», «Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі» және бұдан бөлек мамандандырылған мектептер, ойын-сауық орталықтары, бизнес жүргізуге арналған басқа да орталықтар салынуда.
«Turkistan» арнайы экономикалық аймағында «Greenfield» типті және «Brownfield» типті өндірістік аймақтар да бар. Жалпы, аумағы 365 гектарды құрайтын «Greenfield» өндірістік аймағы мүлде жаңа, бұрын салынбаған, инфрақұрылыммен қамтылмаған жер телімінде, нақты айтар болсақ, Түркістан және Кентау қалаларының ортасындағы Оранғай ауылында орналасқан. Бүгінде онда бизнес нысандарын көтеру және кәсіпкерлікті дамыту үшін ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
«Brownfield» өндірістік аймағы Кентау қаласындағы бұрынғы Экскаватор зауытының аумағында орналасқан. Бұл аймақта өнеркәсіптік ғимараттар мен қажетті инфрақұрылымдар бар. Қалаға экологиялық әсері бар, қолданыстан шыққан зауытты жаңа технологиялық стандарттарға сай қайта жаңарту әрі шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында аймаққа инвестициялық жобалар тартылуда. Ал, әуежай аймағы Кентау қаласына қарасты Шаға елді мекенінің маңынан орын тепкен.
Жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамына жүктелген болатын. Басқарушы компанияның инвестициялық портфелі жалпы құны 408 миллиард теңгені құрайтын 23 жобадан тұрады. Оның ішінде 115 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция игерілді. Құны 1,16 миллиард теңге болатын «Неке сарайының» жобасы қолданысқа берілді. Құрылыс кезеңінде жұмыспен қамтылғандардың саны 5978-ге жетті.
Аталған аймаққа келетін әлеуетті инвесторларға қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау мақсатында 2043 жылға дейін оларды кеден салығынан, корпоративтік табыс салығы, жер салығы, мүлік салығы, қосымша құн салығынан босату және өтеусіз негізде жер телімін беру қарастырылғанын да айта кетейік.
Қазіргі таңда аталмыш аймақта жалпы сомасы 757,307 млрд. теңгені құрайтын 73 жобаны жүзеге асыру бойынша келісімшартқа қол қойылған. Оның ішінде 58 жоба қала құрылысы бойынша іске асырылуда.
Іске асырылған 15 жобаның жалпы сомасы 195,7 млрд.теңгені құрайды. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймақта тіркелген 10,015 млрд. теңге сомасына 3 жоба қызмет түрін құрылыс пен пайдалануға беруден (құрылыстың аяқталуына байланысты) қызмет көрсетуге ауыстырды, сондай-ақ 1 жоба 147,706 млрд. теңге сомасына құрылысты әлі аяқтамай қызмет жүргізуге тіркелді. 2175 тұрақты жұмыс орны құрылды, барлық жобалар іске асырылғаннан кейін 7787 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Сондай-ақ, 237 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 4 млрд.теңгеге әлеуетті
4 инвестициялық өңдеу жобасы пысықталуда.
Қазіргі уақытта «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймақта қызметі түрлерін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Төлеби ауданындағы «Қасқасу» туристік – рекреациялық орталығын жетінші субаймақ ретінде қосып, «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймақ аумағын 280 га кеңейту жұмыстары қолға алынған.
Реті келгенде айта кетейік, өткен жылдардың қорытындысы бойынша «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы Financial Times журналының «Global free zones of the year–2019» халықаралық рейтингісі аясында, әлемнің 5000 арнайы экономикалық аймағының арасында «SME Winner-Asia-Pacific» (шағын және орта бизнес бойынша Азия-Тынық мұхиты аймағы жеңімпазы), «Editor’s choice awards-ones to watch» (редактордың бас таңдауы-әлеуетті инвесторларға назар аударуға лайық), «Bespoke awards» (арнайы марапат – үздік маркетингтік слоган: «Тарихты құрметтеп, болашақты құру») деп аталатын 3 номинацияны жеңіп алды.
Мұнымен шектелмей, Түркістан қаласының брендін халықаралық деңгейде ілгерілету үшін Financial Times жариялаған «Болашақтың туристік орындары 2019/20» рейтингісіне қатысу нәтижесінде «Heritage Tourism» (мәдени туризм), «Infrastructure upgrades» (инфрақұрылымдық даму), «Special economic zones» (арнайы экономикалық аймақтар), «Up-and-coming Destination» (Перспективті мекен) сияқты 4 номинацияның жеңімпазы атанды.