#Жастар

ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ ӨНЕР САЙЫСЫНДА БАҚ СЫНАДЫ

Шымкенттегі оқушылар сарайында «Менің тілім» атты өнер сайысы өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «30 жылдыққа – 30 жұлдызды күн» атты іс-шаралар шеруі аясында ұйымдастырған байқауда этнос өкілдері өнерлерін ортаға салды.

Қалалық тілдерді оқыту және әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен өнер сайысында түрлі салада қызмет ететін, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білім алатын 11 этнос өкілі бақ сынады.

Қатысушылар алғашқы кезеңде сәлемдесіп, өздерін таныстырса, сайыстың екінші бөлімінде өнерлерін паш етті. «Мақал – сөздің мәйегі» айдарында қазақ тілін қаншалықты меңгергендерін дәлелдеді. Олар экранда көрсетілген мақалдың жалғасын жатқа айтып, өзара мықтыны анықтады. Мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берді. Қазақ тілінде өздерінің ойларын еркін жеткізіп, жиналған қауымның таңданысын тудырды. Сондай-ақ, ұлттық аспапта ойнау шеберлігін көрсетті.
– Байқаудың негізгі мақсаты – қаламызда тұратын өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау және оларды ынталандыру, әрі қарай сол тілге деген насихатты, патриотизмді қалыптастыру, ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздейді, — дейді орталық директоры Дәурен Әуелханұлы.

Қазақ тілінің мерейін асыруға бағытталған байқауда «Айғақ» телеарнасының директоры Мұхтар Серікбаев, «Қызмет» газетінің бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова, қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы Ұлжан Айтубаевалар төрелік етті. Көрермен көзайымына айналған сайыс жеңімпаздары байқау қорытындысы бойынша алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close