GREEN SM ҚАЗАҚСТАНДА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ: АЛМАТЫ КӨШЕЛЕРІНЕ ЭЛЕКТРЛІ ТАКСИ ШЫҚТЫ
Қазақстанда экологиялық көлік қызметін дамытуға бағытталған Green SM электрлі такси сервисі ресми түрде жұмысын бастады. Жобаның алғашқы іске қосылған қаласы – Алматы. Компания алдағы уақытта қызмет аясын кеңейтіп, сервисті еліміздің өзге өңірлерінде де қолжетімді етуді жоспарлап отыр.

Green SM автопаркі толықтай электрлі VinFast VF 6 Eco кроссоверлерінен құралған. Қалалық сапарларға бейімделген бұл көліктер заманауи қауіпсіздік жүйелерімен, жайлы салонымен және тыныш қозғалысымен ерекшеленеді. Ең бастысы — электромобильдер қоршаған ортаға зиянды түтін шығармайды. Бұл өз кезегінде қала ауасының ластануын азайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.
Электрлі такси сервисінің салтанатты іске қосылу рәсімі Алматы қаласында өтті. Іс-шараға Вьетнамның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Тхань Ле, Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мәндібаев, сондай-ақ Қазақстан Үкіметінің, Вьетнам Елшілігінің, стратегиялық серіктестер мен бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Рәсім барысында компания өкілдері Green SM сервисінің Қазақстан нарығындағы даму жоспарын таныстырып, қызмет көрсету жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталды. Компания электрлі автопарк қалыптастыруға, жүргізушілерді кәсіби даярлауға, цифрлық қосымша арқылы сапалы сервис ұсынуға және тұрақты даму қағидаттарын енгізуге басымдық беретінін мәлімдеді.
Сонымен қатар Green SM Green Alliance Frontier бастамасы аясында көлік, туризм, технология және қызмет көрсету салаларындағы бес стратегиялық серіктеспен әріптестік келісімдерге қол қойды. Бұл бастама «жасыл» экономиканы дамытуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Компания іске қосылу құрметіне арнайы акция да жариялады. Green SM мобильді қосымшасы арқылы тапсырыс берілген сапарларға 26 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған. Жеңілдік көлемі 2 626 теңгеге дейін жетеді. Қосымша App Store және Google Play платформаларында қолжетімді.
Айта кетейік, Green SM компаниясы 2023 жылы Вьетнамда құрылған. Қазіргі таңда сервис Вьетнам, Лаос, Индонезия, Филиппин, Үндістан және Қазақстан нарықтарында «жасыл» мобильділік экожүйесін дамыту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстан компанияның алтыншы халықаралық нарығына айналды.



