САУРАНДАҒЫ ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕР ТӘЖІРИБЕСІ ЕЛІМІЗДІҢ ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРІНЕ ТАРАТЫЛМАҚ
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан шағын өндірістік парктер жобасы еліміздің басқа өңірлеріне үлгі ретінде ұсынылуда.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында қолға алынған өндірістік парктердің тиімділігін зерделеу және бұл тәжірибені өзге облыстарда қолдану мәселелерін пысықтау мақсатында республикалық деңгейдегі арнайы делегация өңірге жұмыс сапарымен келді.
Құрамында Қаржы министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, сондай-ақ еліміздің 17 облысы мен 3 қаласының әкімдіктерінен келген өкілдер бар 40-қа жуық делегация мүшелері Түркістан облысындағы өндірістік инфрақұрылым жобаларымен танысты. Іссапар барысында делегация өкілдері Сауран ауданындағы өндірістік парктердің жұмысын арнайы барып көріп, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысына оң бағасын берді.
Жұмыс сапары аясында делегация мүшелері Сауран ауданындағы «SAURAN» өндірістік паркінде болып, бірнеше кәсіпорынның жұмысымен танысты. Атап айтқанда, жаңбырлатып суғару технологияларын шығаратын «BNK Group», жиһаз өнімдерін өндіретін «Aqniet Holding», өндірістік тоңазытқыштар шығаратын «UBC Групп» және өзге де өндірістік жобалардың қызметі көрсетілді. Кәсіпорындардағы өндіріс үдерісі, технологиялық мүмкіндіктер және өнім көлемі жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Сонымен қатар делегация өкілдері Сауран ауданы аумағында салынып жатқан «Иассы», «Ескі Иқан», «Дәморда» және «Қарашық» шағын өндірістік парктерінің құрылыс барысымен танысты. Қонақтарға өндірістік алаңдардың инфрақұрылымдық мүмкіндіктері, кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау тетіктері және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстар таныстырылды.
Делегация мүшелері Түркістан облысында қалыптасып жатқан бұл тәжірибенің өңірлік экономиканы дамытудағы маңызын ерекше атап өтті. Олардың пікірінше, шағын өндірістік парктерді құру кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа өндірістердің ашылуына және жұмыс орындарының көбеюіне үлкен мүмкіндік береді.
Бүгінде Түркістан облысының барлық аудан және қалаларында жалпы аумағы 214 гектарды құрайтын 25 шағын өндірістік алаң құрылып жатыр. Қазіргі уақытта бұл аумақтарда 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар аталған ғимараттарда жүзеге асырылатын 251 жобамен тиісті келісімдер жасалған.
Мамандардың мәліметінше, жобалардың жалпы инвестициялық құны 192 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде өңірде 5 218 жаңа жұмыс орны ашылып, жыл сайын шамамен 96 миллиард теңгенің импортты алмастыратын өнімдері өндірілмек. Бұл өз кезегінде отандық өндірістің дамуына, ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз етуге және экономиканың тұрақты өсіміне ықпал етеді.
Сарапшылардың пікірінше, шағын өндірістік парктер – өңірлік кәсіпкерлікті дамытудың тиімді моделі. Себебі мұндай алаңдарда кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылым ұсынылып, өндіріс ашуға қолайлы жағдай жасалады. Бұл кәсіпкерлердің шығынын азайтып, өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан өндірістік парктер жобасы бүгінде республикалық деңгейде жоғары бағаланып, еліміздің өзге өңірлеріне енгізілетін табысты тәжірибелердің біріне айналып отыр.



