СОЗАҚ АУДАНЫНДА «ТӘРТІПКЕ ТАРТЫЛ» БЕЛТЕМІРГЕ ТАРТЫЛУ САЙЫСЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ
Бүгінде Созақ ауданында бұқаралық спортты дамыту, жастардың дене белсенділігін арттыру және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Спорт – тек физикалық дайындықты жетілдіретін құрал ғана емес, ол адамның бойында тәртіп, табандылық, жауапкершілік, шыдамдылық және мақсатқа жетуге деген ұмтылысты қалыптастыратын маңызды өмір мектебі. Әсіресе жастарды спортқа тарту арқылы оларды зиянды әдеттерден аулақ ұстауға, салауатты өмір салтын ұстануға және қоғамдағы белсенді азамат ретінде қалыптасуына жағдай жасалады. Осы мақсатта Созақ ауданында «TUR WORKOUT» жобасы аясында ұйымдастырылған «Тәртіпке тартыл» белтемірге тартылу сайысы жас спортшылардың басын қосқан маңызды спорттық шаралардың біріне айналды.
Аталған сайыстың негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, спортқа деген қызығушылықты арттыру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар жастардың бойында заңға құрмет, қоғамдық тәртіпке жауапкершілік және саналы өмірлік ұстаным қалыптастыру көзделді. Бүгінгі таңда қоғамда кездесетін құқық бұзушылық, лудомания, қаржылық алаяқтық және өзге де теріс әлеуметтік құбылыстардың алдын алуда мұндай тәрбиелік мәні жоғары шаралардың орны ерекше. Себебі спортпен айналысқан жас өз уақытын тиімді пайдаланып, өзіне нақты мақсат қойып, өмірде дұрыс таңдау жасауға бейім болады.
Сайыстың ашылу салтанатына Созақ ауданы әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің финмониторинг басқармасының басшысы, экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі Абай Қадыров және аталған департаменттің аса маңызды істер жөніндегі офицері, экономикалық тергеу қызметінің капитаны Гүлзия Нұрғалиқызы қатысты. Қонақтар өз сөздерінде жастардың денсаулығы мен тәрбиесіне спорттың қосар үлесі зор екенін атап өтіп, жас буынды белсенді өмір салтын ұстануға, заң талаптарын сақтауға және қоғамның дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасуға шақырды. Сонымен қатар сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, олардың алдағы жарыстарда биік белестерді бағындыруына тілектестіктерін білдірді.
Жарыс барысында қатысушылар белтемірге тартылу және күштік жаттығулар бойынша өзара бақ сынап, өздерінің физикалық дайындығы мен спорттық шеберліктерін көрсетті. Әрбір қатысушы жарыс кезінде жоғары төзімділік, мықты ерік-жігер және жеңіске деген ұмтылысын байқатты. Белтемірге тартылу – қарапайым көрінгенімен, үлкен дайындықты, тұрақты жаттығуды және мықты мінезді қажет ететін спорт түрлерінің бірі. Сондықтан мұндай жарыстар жастардың күш-қуатын сынап қана қоймай, олардың өз-өзін жетілдіруге деген құлшынысын арттырады.
Созақ ауданында соңғы жылдары воркаут қозғалысы мен ашық алаңдағы спорт түрлеріне қызығушылық артып келеді. Аудан жастары бос уақыттарын тиімді пайдаланып, спорт алаңдарында тұрақты жаттығулар жасап, өз шеберліктерін шыңдауда. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған осындай жобалар жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, достық қарым-қатынас орнатуына және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай сайыстар арқылы жаңа таланттар анықталып, болашақта облыстық және республикалық деңгейде аудан намысын қорғайтын спортшылар қалыптасады.
Турнир қорытындысы бойынша белтемірге тартылудан үздік нәтиже көрсеткен Анарбай Асылсұлтан, Жаңбырбай Асхат және Тулимов Алишер жеңімпаздар қатарынан көрініп, облыстық кезеңге жолдама алды. Бұл олардың ұзақ уақыт бойы жасаған жаттығуларының, табандылығы мен спортқа деген адалдығының нәтижесі. Енді жас спортшылар алдағы облыстық жарыста Созақ ауданының намысын қорғап, өздерінің жоғары дайындық деңгейін көрсетуге мүмкіндік алады. Олардың жетістігі аудан жастары үшін үлкен мотивация әрі үлгі болмақ.
Бүгінде Созақ ауданында спорттың көптеген түрлері қарқынды дамып келеді. Аудандағы спорт мектептері, спорт кешендері мен ашық спорт алаңдары жастардың тұрақты түрде жаттығуына мүмкіндік жасап отыр. Футбол, күрес, бокс, гір спорты, жеңіл атлетика және басқа да спорт түрлері бойынша аудан спортшылары облыстық, республикалық, тіпті халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетуде. Мұның барлығы спорт саласына жасалып жатқан қолдау мен жаттықтырушылардың кәсіби еңбегінің нәтижесі болып табылады.
«Тәртіпке тартыл» сайысы – жай ғана спорттық жарыс емес, жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және дұрыс өмірлік құндылықтарға тәрбиелейтін маңызды жоба. Спорт арқылы жастардың бойында ерік-жігер, мақсатқа ұмтылу және қиындықтарды жеңе білу қасиеттері қалыптасады.



