ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Хатшылық басшысы Қанатбек Жайсанбаевты қабылдап, жаңа консультативтік институттың жұмысын ұйымдастыру барысын талқылады.

Кездесу барысында Президентке Қазақстан Халық Кеңесі мен оның Хатшылығын құру аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берілді. Қанатбек Жайсанбаевтың айтуынша, Хатшылық Кеңестің қызметін толыққанды қамтамасыз ететін негізгі құрылым болады. Оның міндетіне ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық-талдамалық қолдау көрсету кіреді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға және мемлекеттік саясат пен қоғам арасындағы өзара байланысты дамытуға ықпал ететін маңызды диалог алаңы екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Кеңес Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы қоғамдық пікір алмасу мен сындарлы ұсыныстарды біріктіретін тиімді институтқа айналуы тиіс.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Хатшылық басшысына Қазақстан Халық Кеңесінің мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын тиімді үйлестіруді тапсырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы алдағы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізудің маңыздылығына тоқталып, дайындық жұмыстары жан-жақты әрі сапалы жүргізілуі қажет екенін айтты.
Кездесу қорытындысында Президент Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты дамытуға, қоғамдық бастамаларды қолдауға және елдің одан әрі дамуына бағытталған ұсыныстарды тиімді іске асыруға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.



