ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТӨМЕНДЕДІ
Қазақстандағы соңғы мәліметтерге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді.

Бағасы ең көп арзандаған өнімдер қатарында картоп пен қызанақ бар. Бір апта ішінде картоп 2,8 пайызға, қызанақ 2,4 пайызға, алма 1,9 пайызға, ал қияр 1,2 пайызға арзандаған.
Сонымен қатар сәбіз, қаймақ және қара шайдың бағасы 0,2 пайызға төмендесе, тауық еті, қатты және жартылай қатты ірімшік, сондай-ақ майлылығы 2–3 пайыз болатын айран 0,1 пайызға арзандады.
Ал бірінші сұрыпты ұн, бірінші сұрыпты бидай наны, жылқы еті, сүйекті сиыр еті және майлылығы 2,2–6 пайыз аралығындағы сүттің бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлер арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы Павлодарда 0,4 пайызға, Алматы, Шымкент және Ақтауда 0,2 пайызға, Қонаев пен Қостанайда 0,1 пайызға төмендеді.
Ал Астана, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өткен аптадағы деңгейде сақталды.



