Без рубрики

ТОҚАЕВ БЕКТЕНОВТІҢ БІРІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚТАҒЫ ЖҰМЫС ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖӨНІНДЕГІ ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдап, Үкіметтің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есебін тыңдады.

Кездесу барысында Премьер-Министр экономиканың негізгі салаларындағы көрсеткіштер мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 200 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Соның нәтижесінде 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Тұрғын үй құрылысы саласында да оң динамика сақталған. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 миллион шаршы метрге жетеді деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемі 15 триллион теңгені құрап, егістік алқаптарының көлемі 23,8 миллион гектарға дейін ұлғайған. Сонымен қатар шаруаларды қолдау мақсатында 1 триллион теңге бөлінген. Үкіметтің мәліметінше, бюджеттен бөлінген әрбір теңге 6,5 теңге көлемінде жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берген.

Кездесуде инфляция деңгейіне де тоқталды. Маусым айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,3 пайызды құрады. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру есебінен жыл сайын 800 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеу көзделіп отыр.

Энергетика саласындағы жұмыстар да талқыланды. Өткен жылы бес жылу электр орталығы жоғары тәуекелдің «қызыл» аймағынан шығарылып, оның үшеуі «жасыл» аймаққа ауыстырылған. Биыл жөндеу науқаны аясында 9 энергия блогы, 55 қазандық және 51 турбина жаңғыртылады. Бұл жұмыстарға 384 миллиард теңге бағытталған.

Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу жоспарланып отыр.

Премьер-Министрдің мәліметінше, жыл басынан бері елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 10 миллиард доллардан асты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі реформаларды жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ Үкіметке әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны іске асырып, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға ерекше назар аудару міндеті жүктелді. Президент заманауи денсаулық сақтау нысандарын салу жұмыстарына басымдық беру қажеттігін атап өтті.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close