ТОҚАЕВ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Жасанды интеллект бойынша III халықаралық олимпиаданың ашылу рәсіміне қатысты.

Президент Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктеріне тоқталып, еліміздің БҰҰ-ның электронды үкімет индексінде 193 мемлекет арасында 24-орында тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Орталық Азиядағы цифрландыру бойынша көшбасшы елдердің бірі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде сапалы білім беруге, дарынды жастарды қолдауға және олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға ерекше мән берілетінін жеткізді.
– Былтыр Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша олимпиадада Қазақстан оқушылары үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Бұл жетістік жастарымыздың зияткерлік және шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Талантты өрендерімізге бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздар мен тәлімгерлерге алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Халықаралық олимпиада жасанды интеллект саласына қызығушылық танытқан дарынды оқушылардың басын қосып, білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр.



