АУДАН ӘКІМІ МАЙ ӨНДІРЕТІН ЖАҢА ЗАУЫТ ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Сайрам ауданы Манкент ауылдық округінде орналасқан зауыт бар. Осы зауыттың жұмысымен танысу үшін ауылға аудан әкімі арнайы ат басын тіреді.

Бұл инвестициялық жоба май шығару кәсібін қолға алған.
Оған жалпы сомасы 1,2 миллиард теңге инвестиция салынған. Зауыт әлі толық іске қосылмапты. Оны іске қосу жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Жалпы, қазірдің өзінде кәсіпорын тәулігіне 150 тонна май шығаруды мақсат тұтқан. Кәсіпкер қазір қоймаларын қажетті шикізаттармен толықтырып, алдағы уақытқа қамдану үстінде. Ол жерде болашақта сафлор дақылынан май өндірілмек. Жалпы, сафлордың пайдасы мол. Мәселен, ол линол қышқылына бай. Сол себепті, оны косметика және фармацевтика саласында көп қолданады.
«ИП Табыс» май өндіретін зауытында 40 адамды қамтитын жұмыс орны ашылады. Демек, ауданның жұмыссыз жүрген жастарына бұл тағы бір жақсы мүмкіндік болмақ.
Кәсіпорынды таныстыру барысында жауапты тұлғалар өндірістік нысанның қуаттылығы, құрылыс кезеңдері және болашақтағы өндірістік жоспарлары жөнінде баяндап, аудан әкіміне есеп берді.
Аудан әкімі инвестициялық жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, кәсіпкерлік пен өндіріс саласын дамыту аудан экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.
Аталған өндіріс орны өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, өңделген өнім көлемін ұлғайтуға және жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.
Сайрам ауданында инвестициялық жобаларды қолдау және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, экономикаға айтарлықтай үлесін қосады деп күтілуде.
Жалпы, Қазақстан бойынша 70-ке жуық май өңдейтін зауыт жұмыс істейді. Олардың ішінде ірі және орта зауыттар күнбағыс, зығыр, рапс, мақсары, соя және мақта тұқымынан өсімдік майын өндіреді



