ҚАЗЫҒҰРТТА «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ АЯСЫНДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН АШЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Қазығұрт ауданында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заң талаптарын түсіндіруге бағытталған кезекті кездесу ұйымдастырылды.

Басқосудың басты мақсаты – халықпен ашық пікір алмасып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ету, сондай-ақ қоғамда жиі кездесетін өзекті мәселелердің алдын алу жолдарын түсіндіру болды.
Жиынға Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, аудан прокуроры Руслан Абдраимов және Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Нұрпейісов қатысып, ауыл тұрғындарымен еркін форматта жүздесті. Кездесу барысында азаматтарды толғандырған мәселелер тыңдалып, заң аясында нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Басқосуда бүгінгі күні қоғамда кеңінен белең алып отырған құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Әсіресе интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер, қаржылық қауіпсіздік, заңсыз ойын бизнесі мен ойынқұмарлықтың салдары кеңінен сөз болды. Мамандар мұндай келеңсіз құбылыстардың жеке адамға ғана емес, тұтас отбасы мен қоғамға тигізетін зардабын түсіндіріп, тұрғындарды сақ болуға шақырды.
Сонымен қатар заң талаптарын сақтаудың маңызы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, қоғамдық тәртіпті нығайтудағы әрбір адамның жауапкершілігі жайында кеңінен әңгіме өрбіді. Қатысушыларға құқықтық мәдениетті қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені айтылды.
Кездесу барысында аудан прокуроры Руслан Абдраимов құқықтық тәртіптің ең алдымен әр азаматтың өзінен басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, заңды құрметтеу мен талаптарды мүлтіксіз орындау – қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастырудың басты кепілі. Егер әр тұрғын өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заң нормаларын сақтайтын болса, құқықбұзушылықтардың саны да едәуір азаяды. Сондықтан заңға бағыну – тек міндет емес, елдің тыныштығы мен берекесіне қосылатын маңызды үлес.
Жиынның маңызды бөлігі тұрғындармен сұрақ-жауап форматында өтті. Ауыл азаматтары өздерін алаңдатқан түрлі мәселелерді ортаға салып, құқықтық кеңес алды. Көтерілген сұрақтардың қатарында алаяқтықтан қорғану жолдары, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, азаматтардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық түйткілдер болды. Қатысушылардың әрбір сауалы назардан тыс қалмай, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты жауап берілді.
Шара барысында құқық қорғау органдарының өкілдері халықпен тұрақты байланыс орнатудың маңыздылығына да тоқталды. Мұндай кездесулер тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік беретіні айтылды. Сонымен бірге азаматтардың мемлекеттік органдармен ашық диалог орнатуы сенімді нығайтып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге оң ықпал ететіні жеткізілді.
Кездесу соңында тұрғындар құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, өз пікірлерін білдірді. Ал ұйымдастырушылар заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту және құқықбұзушылықтың алдын алу – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте еске салып, тұрғындарды қоғам тыныштығын сақтауға белсенді атсалысуға шақырды.



