САЙРАМ АУДАНЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБТЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында облыс аймағында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Осы орайда Сайрам ауданында 2025 жылға негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 170 млрд теңге болып жоспарланған. Дегенмен, өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 181,5 млрд теңгеге жетіп, жылдық жоспардан 11,5 млрд теңгеге немесе 6,8 пайызға артық орындалды.
Былтыр аудан көлемінде 16 инвестициялық жоба іске қосылып, 570 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі саласында – 4 жоба, ауыл шаруашылығы саласында – 3 жоба, шағын және орта кәсіпкерлік саласында 6 жоба.
Биыл яғни 2026 жылы аудан аумағында жалпы құны 161,2 млрд теңгені құрайтын 32 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2 408 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл аудан үшін қуанышты жаңалық. Өйткені, жаңа жұмыс орындарының ашылуы осы өңірдің экономикасын арттырады. Оның үстіне жұмыссыз жүрген тұрғындарға әл- ауқатын жақсартуға жаңа мүмкіндік береді.
Жалпы Сайрам ауданы үнемі ізденіс үстінде жүреді. Өңір тұрғындары да берілген мүмкіндікті қалт жіберіп алмауға тырысады. Сол себепті болар осы аймақтан шыққан кәсіпкерлер көптеп кездесіп жатады. Мұнда жасалған кез-келеген іс- шара нәтижелі аяқталады.
Сайрам ауданында инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру туралы жиындар жиі өтіп тұрады. Солардың бірі аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы Оразалиевтің төрағалығымен өтті. Бұл инвестициялық штабтың кезекті отырысында экономикалық әлеуетті арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және халықты тұрақты жұмыспен қамту стяқты әлеуметтік мәселелер көтеріліп, кәсіпкерлер ен инвесторлар ой бөлісті.
Отырыс барысында аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысы, оларды іске асыру кезінде туындаған өзекті мәселелер, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, рұқсат құжаттарын рәсімдеу туралы сөз қозғалды. Өндірістік алаңдарды дайындау және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану мәселелері жан-жақты қаралды. Сонымен қатар әрбір жобаның орындалу мерзімі мен инвестиция көлемі сараланып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.
Инвестициялық штабтың күн тәртібінде қаралған маңызды жобалардың бірі – Қарабұлақ ауылдық округінде жүзеге асырылатын «KUZOV KARABULAK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер шығаратын зауытының құрылысы болды. Жоба толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорын жылына 500 дана тіркеме шығаруға мүмкіндік алады. Заманауи технологиялармен жабдықталатын өндіріс орны сапалы өнім өндірумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдегі өнеркәсіп саласының дамуына оң ықпалын тигізеді. Сондай-ақ, отандық өндірістің үлесін арттыруға және көлік-логистика саласына қажетті өнімдермен ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.



